Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерге қатысты ұсыныс айтылды
«Ақ жол» фракциясының депутаттары өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимінің талаптарын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, ай сайынғы табыс шегін жылдық көрсеткішке ауыстыру және онлайн-платформалардың комиссиясын азаматтың табысына қоспау мәселесін көтерді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимі азаматтардың табысын заңдастырып, салықты жеңіл тәртіппен төлеуіне және әлеуметтік қорғау жүйесіне қатысуына мүмкіндік береді. Алайда жаңа тәртіптің кейбір талаптары нақты жұмыс жағдайына сәйкес келмейді.
Ай сайынғы табыс шегін жылдық есепке ауыстыру ұсынылды
Қолданыстағы Салық кодексінің 718-бабына сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арнаулы салық режимін қолдану үшін айына 300 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) артық табыс таппауы керек.
Депутаттар бұл талап туризм, құрылыс, үй жөндеу, жолаушылар тасымалы және аумақтарды абаттандыру сияқты маусымға тәуелді салаларда жұмыс істейтін азаматтарға қиындық туғызатынын айтады.
Мәселен, мұндай қызметтерде табыс жылдың белгілі бір кезеңінде ғана түсуі мүмкін. Жазда тапсырыс көбейгенімен, қыста жұмыс азайып, кейде мүлде тоқтайды. Соның салдарынан азаматтар табысы жоғары айларда көбірек жұмыс істеудің орнына, салық режимінен шығып қалмау үшін кірісін шектеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Депутаттар мұны мынадай мысалмен түсіндірді: бір азамат ай сайын 500 мың теңгеден табыс тауып, жылына 6 млн теңге алады. Екінші азамат төрт ай бойы айына 1,5 млн теңгеден табыс тауып, жылдық кірісін дәл осындай деңгейде қалыптастырады. Алайда екінші азамат айлық шектен асып кеткендіктен, арнаулы салық режимін қолдана алмайды.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы ай сайынғы 300 АЕК шектеуінің орнына жылына 3 600 АЕК мөлшерінде шек белгілеуді ұсынып отыр. Депутаттардың түсіндіруінше, бұл өзгеріс жылдық табыс шегін ұлғайтпайды, тек табысты есептеу тәртібін өзгертеді.
Yandex комиссиясы азаматтың табысына қосылмауы керек
Депутаттық сауалда көтерілген екінші мәселе – онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табысын есептеу тәртібі.
Фракция өкілдерінің айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған көптеген азамат платформалық сервистер арқылы табыс табады. Мысалы, Yandex Go платформасының комиссиясы кей жағдайда тапсырыс құнының 23 пайызына дейін жетеді. Бұл соманы платформа өзі ұстап қалады және ол жүргізушінің немесе жеткізушінің қолына тимейді.
Осыған байланысты депутаттар азаматтың нақты қолына түспеген қаражатты оның табысы ретінде есептеудің дұрыстығына күмән келтіріп отыр.
Біздің ұсынысымыз – платформаның комиссиясын платформа өзі ұстасын, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың табысы комиссия алынғаннан кейін өзіне қалған ақша бойынша есептелсін, – делінген депутаттық сауалда.
«Ақ жол» партиясы Ұлттық экономика министрлігінен аталған мәселелерді жан-жақты қарастырып, оларды шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды сұрады.