Қазақстанда тағы рақымшылық жасалмақ: Қандай жаза кешіріледі?
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке қатысты қандай жеңілдіктер ұсынылғанын айтты
Парламент депутаттарының бастамасымен рақымшылық жасауға қатысты заң жобалары әзірленді. Құжаттар қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санаттарын ізгілендіруге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Снежанна Имашева мәлімдеді.
Заң жобаларымен қылмыстық рақымшылық аясында зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиян толық өтелген жағдайда ауырлығы аз және орташа қылмыстық теріс қылықтар мен қылмыстар бойынша жауаптылықтан босату ұсынылады. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша зиян толық өтелсе, жаза мерзімдерін қысқарту көзделген, – деді депутат.
Оның айтуынша, әкімшілік рақымшылық шеңберінде Қазақстан азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларды, кәсіпкерлік субъектілерін, жеке нотариустарды, адвокаттарды, қандас мәртебесі бар адамдарды және өзге де тұлғаларды осы заң күшіне енген күнге дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босату ұсынылып отыр.
Депутаттың сөзінше, рақымшылық жасау бастамасы азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқық бұзушылықтарды ізгілендіруге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін қандай тұлғалар рақымшылыққа ілікпейтінін ІІМ түсіндірген еді.