Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала туып беруіне тыйым салынады
Қазақстанда суррогат аналарға тек ел азаматтарының тапсырыс беруіне рұқсат ететін өзгертулерді "Неке және отбасы туралы" кодекске енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.
Бүгінгі таңда заңнамаға сәйкес суррогат аналарға тапсырысты Қазақстан Республикасының азаматтары да, шетел азаматтары да бере алады. Алайда халықаралық суррогат ана болу тәжірибесінде түрлі жанжалдар мен сот процестері туындап отыр. Осыған байланысты қазіргі уақытта Қазақстан аумағында суррогат ана қызметтерін тек Қазақстан азаматтарына ғана көрсетуге рұқсат ету жөніндегі норманы заң жүзінде бекіту қажет, – деп жазылған Қанат Бозымбаевтың жауабында.
Оның түсіндіруінше, Денсаулық сақтау министрлігі "Неке және отбасы туралы" кодексіне қажетті өзгертулерді әзірлеп қойған. Бұл мәселе енді мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр. Содан соң түзетулер белгіленген тәртіппен Парламентке енгізіледі.