Суррогат ана болғысы келетіндерге жаңа талап қойылады
Қазақстанда суррогат ана болу талаптары күшейтілді.
Қазақстан Президенті суррогат ана қызметіне тапсырыс берушілерге жаңа талаптар енгізетін заңға қол қойды. Енді бұл мүмкіндікті тек өзара ресми некеде тұрған және Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын ерлі-зайыптылар ғана пайдалана алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тиісті өзгерістер «Неке және отбасы туралы» Кодекске енгізілді.
Жаңа нормаларға сәйкес, суррогат ана қызметіне тек тіркелген некеде тұрған Қазақстан азаматтары ғана тапсырыс бере алады.
Ерлі-зайыптыларға қандай міндеттер жүктеледі?
Суррогат ана болу шартын жасасу кезінде ерлі-зайыптылар мыналарға міндетті:
-
суррогат ананың медициналық тексеруден өту ақысын төлеуге;
-
қосалқы репродуктивтік технологияларды қолдануға байланысты шығындарды өтеуге;
-
медициналық ұйымға өздерінің денсаулық жағдайы (физикалық және психикалық) туралы қорытындыны, сондай-ақ медико-генетикалық зерттеу нәтижелерін ұсынуға;
-
суррогат ананың жүктілік, босану кезеңіндегі және босанғаннан кейінгі 56 күн ішіндегі, ал асқынулар болған жағдайда – босанғаннан кейінгі 70 күн ішіндегі медициналық қызмет көрсету шығындарын төлеуге.
Бұл түзетулер суррогат ана бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптарды нақтылауға және олардың міндеттерін реттеуге бағытталған.