Қазақстанда суды өз бетінше пайдаланғандарға айыппұл салынды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов су саласындағы заңсыздыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында министрлік құрылғаннан бері судың «қара нарығына» қарсы күрес шаралары күшейтілді, – деді Нұрымбетов.

Комитет төрағасының айтуынша, 2025 жылғы 10 маусымнан бастап күшіне енген Су Кодексі бассейндік су инспекцияларының құзыретін кеңейтті.

Су Кодексінің 53-бабына сәйкес, инспекциялар өз бетінше су пайдалануға жол бермеу мақсатында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады, – деді ол.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 141-бабына енгізілген өзгерістер бойынша рұқсатсыз арнаулы су пайдалану, су ресурстарын нысаналы пайдаланбау, рұқсат етілген көлемдерден асыру және бекітілген су режимін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.

Қайталанып жасалған бұзушылықтар үшін 200 АЕК-тен (жеке тұлға) 2000 АЕК-ке (ірі кәсіпкерлік) дейін айыппұл қарастырылған, – деді Нұрымбетов.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша инспекциялар 463 тексеру жүргізді, оның қорытындысы бойынша бұзушылықтарды жою туралы 143 нұсқама берілді. Жалпы сомасы 133,3 млн теңгеге 801 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде өз бетінше су пайдалану фактілері бойынша жалпы сомасы 70,3 млн теңгеге 346 әкімшілік айыппұл салынды.

Былтыр осындай кезеңде 339 тексеру жүргізіліп, бұзушылықтарды жою туралы 204 нұсқама берілген, жалпы сомасы 41,2 млн теңгеге 501 әкімшілік айыппұл салынған. Өз бетінше су пайдалану фактілері бойынша айыппұлдардың жалпы сомасы 22,3 млн теңгені құраған.

Нұрымбетовтың сөзіне қарағанда, бұл жұмыс алдағы вегетация кезеңінде де жалғасын табады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы