21 Қыркүйек 2026, 08:27 Фото: depositphotos.com

Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап 700 мың гектардан асты

Жыл басынан бері заманауи суару жүйелері тағы 158,8 мың гектар жерге енгізілген.

Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жер көлемі үш жылда үш есеге жуық өсіп, 702,3 мың гектарға жетті. Бұл елдегі 1,9 млн гектар суармалы жердің 36%-ын құрайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында су ресурстарын үнемдеу және заманауи суару технологияларын кеңінен енгізу міндетін қойған болатын. Осы бағытта шаруаларды мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, суару инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр.

Үш жылда үш есеге жуық өсті

2023 жылы су үнемдеу технологиялары 237,1 мың гектар алқапта қолданылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 389,9 мың гектарға, 2025 жылы 543,5 мың гектарға жетті.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 702,3 мың гектарды құрады. Жыл басынан бері заманауи суару жүйелері тағы 158,8 мың гектар жерге енгізілген.

Биыл жаңа технологиялар ең көп енгізілген өңір – Түркістан облысы. Мұнда шамамен 50 мың гектар қосымша қамтылды. Алматы облысында – 25,5 мың, Қызылорда облысында – 19,2 мың, Жетісу облысында – 11,8 мың, Жамбыл облысында 10,2 мың гектарға заманауи суару жүйелері енгізілді.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Тамшылатып суару алты есе артты

Тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқап 2023 жылғы 42,5 мың гектардан 254,3 мың гектарға дейін ұлғайды. Осылайша, үш жыл ішінде көрсеткіш шамамен алты есе өсті.

Жаңбырлатып суару алқабы да екі есеге жуық көбейіп, 188,3 мың гектардан 379 мың гектарға жетті.

Тек 2026 жылдың басынан бері тамшылатып суару жүйелері 86,5 мың гектарға, жаңбырлатып суару жүйелері 65,9 мың гектарға енгізілді.

Жылына миллиардтаған текше метр су үнемделмек

Заманауи суару технологиялары су шығынын орта есеппен 20-30%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың қорытындысында 543,5 мың гектарға енгізілген суару жүйелерінің есебінен 874 млн текше метр су үнемделген.

2027 жылы су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқапты 912,2 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл шамамен 1,428 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

2028 жылы көрсеткішті 1,1 млн гектарға, 2029 жылы 1,2 млн гектарға жеткізу көзделген.

2030 жылға қарай заманауи технологиялар 1,3 млн гектар суармалы жерді қамтуы тиіс. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 2,2 млрд текше метр су үнемдеу жоспарланып отыр.

Шаруаларға берілетін субсидия көбейді

Су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруаларға мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайтылды. Мұндай жүйелерді сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 60%-дан 80%-ға дейін көтерілді.

Ал су үнемдеу технологияларын пайдаланатын шаруалар үшін суару суының құнын субсидиялау деңгейі 50%-дан 85%-ға дейін артты.

2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын инвестициялық субсидиялауға 214,6 млрд теңге қарастырылған. Оның 58,5 млрд теңгесі 2026 жылға, 74,6 млрд теңгесі 2027 жылға, 81,5 млрд теңгесі 2028 жылға тиесілі.

Қаржыландыру кезінде су тапшылығы жоғары әрі трансшекаралық су ресурстарына тәуелді Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарына басымдық беріледі.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Суару жабдықтарын шығаратын жеті зауыт жұмыс істейді

Су үнемдеу технологияларына сұраныстың артуы отандық өндірістің дамуына да ықпал етті. Соңғы екі жылда суару жабдықтарын шығаратын отандық кәсіпорындар саны төрттен жетіге дейін өсті.

Оның үшеуі Түркістан облысында, екеуі Астанада, біреуі Алматыда және тағы біреуі Атырау облысында орналасқан.

Кәсіпорындардың жалпы өндірістік қуаты жылына 3 390 жаңбырлатқыш машинаны құрайды. Бұл шамамен 205 мың гектар жерді суаруға жеткілікті.

2026 жылдың басынан бері шаруалар шамамен 65,6 мың гектар алқапты суаруға арналған 1 010-ға жуық жаңбырлатқыш машина сатып алған.