Қазақстанда су қоймаларын тазартуға арналған алты жаңа кеме сатып алынады
Бұл елорданы сумен қамтамасыз ету жүйесіне оң әсер етеді.
Қазақстанда су қоймалары мен каналдарды тазарту жұмыстары күшейтілмек. Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» мекемесі алты жаңа жерснаряд сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жерснаряд – су қоймалары мен каналдардың түбіндегі лай мен шөгіндіні тазартуға арналған арнайы техника. Мұндай жұмыстар су өткізу қабілетін жақсартып, көбірек су жинауға мүмкіндік береді.
Жаңа техникаларды Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы мен «Машканал» каналында, Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасы және Ақмола облысындағы Астана су қоймасы тазарту жұмыстарына пайдалану көзделіп отыр.
Айта кетейік, өткен жылы Ақмола филиалына екі жерснаряд берілген болатын. Қазір олар Астана су қоймасын тазалау жұмыстарына қолданылып жатыр. Бұл - соңғы 55 жылда алғаш рет жүргізіліп жатқан ауқымды тазарту жұмысы.
Мамандардың айтуынша, жұмыстар аяқталған соң Астана су қоймасының сыйымдылығы 47 миллион текше метрге ұлғаяды. Бұл елорданы сумен қамтамасыз ету жүйесіне оң әсер етеді.
«Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев мұндай техникалардың су шаруашылығы үшін маңызы зор екенін айтты.
Жерснарядтар су нысандарын тазарту жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында каналдардың су өткізу қабілеті артып, су қоймаларында көбірек су жиналады. Болашақта мұндай жұмыстар еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен жүргізіледі, – деді ол.
Соңғы жылдары Қазақстанда су тапшылығы мәселесі жиі көтеріліп келеді. Сондықтан су қоймаларын уақытылы тазарту мен олардың сыйымдылығын арттыру стратегиялық маңызды жұмыстардың бірі саналады.