+19

Қазақстанда су инфрақұрылымы қайта жаңғыртылады

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілістегі Үкімет сағатында 2025 жылға дейін атқарылатын су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің мәліметінше, биыл республикалық бюджет пен халықаралық қаржы ұйымдарының – Бүкіләлемдік банк, Ислам даму банкі және Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен жалпы ұзындығы 6 мың шақырымнан асатын 1485 ирригациялық канал жаңғыртылып жатыр.

2025 жылдың соңына дейін ұзындығы 962 шақырымды құрайтын 275 канал іске қосылып, 200 мың гектарға жуық суармалы жер сапалы сумен қамтылады деп жоспарлануда.

Жалпы алғанда, 2021-2025 жылдар аралығында шамамен 7 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады.

Су арналарына қоса, елдегі ірі гидротехникалық нысандар да қайта жаңартылып жатыр. Атап айтқанда:

  • Ақтөбе су қоймасы – сыйымдылығы 245 миллион текше метр,
  • Қызылорда су торабы – 120 мың гектар жерге су жеткізу әлеуетіне ие,
  • Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы – толық жаңғыртудан өтті.

Сонымен қатар, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында орналасқан 49 елді мекеннің 200 мыңға жуық тұрғынына сапалы ауыз су жеткізуді мақсат еткен 8 су нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Министрдің айтуынша, 2024 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы құны 600 миллиард теңгеге жуық 137 жобаны іске асыру бағытында жұмыс атқарған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Өзгелердің жаңалығы