Қазақстанда спорт этикасы күшейді: Жарасбаев жаңа ережелерді түсіндірді
Туризм және спорт министрлігі спортшылардың мінез-құлқына қатысты жаңа ережелерді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа талаптарға сәйкес, спортшыларға және спорттық үдерістің өзге де қатысушыларына нормативсіз лексика қолдануға қатаң тыйым салынады.
Бұл жөнінде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында ведомствоның спортшылардың, жаттықтырушылардың және төрешілердің жарыстар мен қоғамдық орындардағы тәртібін реттейтін жаңа бұйрығын түсіндіру барысында мәлімдеді.
Құжатқа сай, енді спортшылар мен спорт процесіне қатысушыларға бейәдеп сөз айтуға, жаттығу барысындағы ақпаратты жария етуге, қоғамдық орында алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде жүруге, біреуге қоқан-лоқы көрсетуге, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер жасауға үзілді-кесілді тыйым салынады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүгін қолданыстағы Туризм және спорт министрлігінің 51-бұйрығымен реттелген нормалар мен ережелерді түсіндіргім келеді. Сіздер білесіздер, биыл 16 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған «Спорт туралы» Заң күшіне енді. Осы заңды іске асыру аясында министрлік 60-тан астам нормативтік құқықтық акт әзірледі. Соның бірі — Қазақстан Республикасының спорт этикасы туралы 51-бұйрық. Бірден айта кетейін, бұл бұйрық әуелде 2020 жылы бекітілген, яғни ол 5 жылдан бері қолданыста. Бүгінгі таңда оған тек үш толықтыру енгізілді. Олар ұлттық құрама, спорт төрешісі, сондай-ақ БАҚ пен медиа ұғымдарына қатысты. Барлығы заңнамаға сәйкестендірілді және оны нақтылау мақсатында қабылданды. Дін мәселелеріне қатысты жаңа нормалар бұл бұйрықта қарастырылмаған, — деді вице-министр.
Серік Жарасбаев аталған өзгерістер қоғамда кеңінен талқыланып жатқанын атап өтті.
Көпшілігі бұл бұйрықтың соңғы бес жыл бойы бар екенін білмеген болуы мүмкін, сондықтан өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана оған назар аударды, — деді ол.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Конституциясы діни сенім бостандығын шектемейтінін, керісінше, оның негізгі қағидаларының бірі екенін атап өтті.
Еліміздің кез келген азаматы — ол спортшы, дәрігер немесе басқа сала маманы болсын — қалаған дінін ұстануға немесе зайырлы көзқарасты таңдауға толық құқылы. Бұл қағида Олимпиада хартиясында да бекітілген: онда спортшыларды діни сенімі үшін кемсітуге жол берілмейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Сондықтан бұйрықтағы ережелер тек Конституция мен дін туралы заңдарда көзделген нормаларды ретке келтіруге және регламенттеуге бағытталған, — деді Жарасбаев.
Вице-министрдің айтуынша, бұйрықтың 4-бөлімінің 5-тармағында: «Қандай да бір діни астардағы үгіт-насихатқа және шақыруларға тыйым салынады» деп нақты көрсетілген.
Бұл норма бұрынғы редакцияда да болған және өзгеріссіз қалды: бес жыл бұрын қалай болды — қазір де солай, яғни ол тек үгіт-насихат пен шақыруларды тыйым салады, бірақ адамның діни сенімін шектемейді, — деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан киім үлгісі немесе белгілер сияқты діни тиесілікті білдіретін сыртқы көріністер мәселесін уәкілетті органдар — атап айтқанда, Дін істері басқармалары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қарайтынын атап өтті.
Олар адамның діни сенімі бар-жоғын және оның әрекеттерінде үгіт-насихат немесе шақыру элементтері бар ма, жоқ па — соны анықтайды. Егер мұндай фактілер расталса, федерация хаттама жасап, оны қарау үшін өз комиссиясына жолдайды. Соның нәтижесінде спортшыны жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдануы мүмкін.
Сондықтан тағы да атап өткім келеді: Қазақстан Конституциясы да, Олимпиада хартиясы да, дін туралы заңдар да діни сенім бостандығын шектемейді. Бұйрық тек спортшылардың өз діни сенімін көпшілік алдында насихаттауына жол бермеу қажеттігін бекітеді. Ал діни рәсімдердің үгіт-насихат болып саналатынын немесе саналмайтынын тек дін мәселелері жөніндегі органдар мен тиісті мемлекеттік органдар анықтайды. Жеке діни сенімге ешқандай жалпы тыйым жоқ, — деді Серік Жарасбаев.