Қазақстанда сотталғандардың жағдайы қалай өзгереді?
Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер құқықтық тәртіпті ізгілендіру мен техникалық нығайтуға бағытталған. Бұл туралы заңгер Сансызбай Бакулин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір қамауға алынғандар тергеу изоляторларында болады. Заң күшіне енген соң олар әкімшілік теріс қылықтары үшін арнайы қабылдағыштарға жіберіледі. Нормадағы деректер қауіпті қылмыскерлермен байланысты болдырмау және ортаның криминалдану қатерін азайтуға бағытталған. Яғни тергеу изоляторында олар бұрын сотталғандармен араласуы мүмкін. Бұл жағдайды болдырмас үшін оларды арнайы қабылдағыштарға ауыстырады, - деп түсіндірді заңгер.
Айтуынша, Қылмыстық кодексті әзірлеген кезде облыс орталықтарында, ірі қалалар мен аудан орталықтарында 52 мамандандырылған қабылдағыштардың құрылысы жоспарланған. Алайда жобаны қаржыландыру болмаған соң 2014 жылдан бері жоба тұралап қалған.
Қабылдағыштарды енгізу 2017 жылға жоспарланғанымен, мерзімі төрт рет кешіктірілгені белгілі болды. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру мерзімі 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтап тұр.
Сонымен қатар заңгер Қылмыстық-атқару кодексіне инфекциялық ауру жұқтырған күдіктілер немесе айыпталушылар (мәселен, туберкулезге шалдыққандар) қоршаған ортаға қауіп төндірмейтіндігі туралы медициналық қорытынды алғанға дейін мекемеге жіберілмейтін норма енгізілді. Бұған дейін қауіпті ауру жұқтырған тұлғалар тергеу изоляторында ем қабылдап, дәрігердің сәйкес қорытындысынан кейін ғана жазаны өтеу мекемесіне ауыстырылады.
Одан басқа, Кодекске ұялы байланыс операторларын Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сұранысына сәйкес IMEI-код бойынша нақты телефон байланыстарын бұғаттауға міндеттейтін норма енгізілген.
Бұған дейін мекемелерде сол аумақтың тұрғындарына кедергі келтірген ұялы байланыстың бұғатталу жағдайлары кездескен. Бұдан былай бұғаттау тек мекеме ішіндегі телефондарға қатысты ғана жүзеге асырылады. Бұл норма сол ауданда тұратын тұрғындардың құқығын қорғауға және олардың ұялы байланысқа қолжетімділігін бұзбауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР-ның қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.