Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 342 мектеп салынды
Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны бес есе, апатты мектептер екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.
2019-2026 жылдары қабылданған шаралардың нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны бес есе, апатты мектептер саны екі есе азайған. Ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарған.
«Келешек мектептері»: 217 жаңа мектеп салынды
Соңғы жылдардағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында мектеп инфрақұрылымының жаңа моделі енгізіліп, заманауи, қауіпсіз әрі функционалды білім беру ортасын қалыптастыру көзделген.
Жоба шеңберінде еліміз бойынша 460 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Барлық мектеп бірыңғай стандарт бойынша тұрғызылған. Жобалау, құрылыс және жабдықтау кезінде өңірлердің климаттық әрі сейсмикалық ерекшеліктері ескерілген. Бұл қала мен шалғай елді мекендердегі балаларға бірдей білім алу жағдайын жасауға, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған, - деді Шарабасов.
Жаңа мектептердің ауданы типтік жобалармен салыстырғанда 15-20 пайызға үлкен. Ғимараттарда бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған аймақтар бөлек қарастырылған.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Мектептерде арнайы кабинеттер, жеке санитариялық бөлмелер, лифтілер, пандустар мен арнайы көрсеткіштер қарастырылған. Психолог, логопед және дефектолог кабинеттері де жабдықталған.
Жаңа мектептер заманауи оқу жиһаздары мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оларда физика, химия және биология зертханалары, компьютерлік сыныптар, STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттері бар. Бұл оқушылардың зерттеушілік дағдыларын, логикалық және инженерлік ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаның нәтижесінде үш ауысымды 54 мектеп пен 12 апатты мектептің мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы азайтылған.
Тағы бір жүйелі шешім – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының құрылуы. Қорға сыбайлас жемқорлықтан алынған қаражат түседі.
Қор есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Қазіргі уақытта оның 83-і пайдалануға берілген. Қалған жеті нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Жаңа оқушы орындары республикалық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ қосымша қаржыландыру тетіктерін пайдалану арқылы ашылып жатыр. Бұған қоса, білім беру нысандарын салу мен реконструкциялауға Арнайы мемлекеттік қор мен Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты бағытталады.