21 Шілде 2026, 13:06 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда шығарылған автокөліктердің бағасы арзандай бастады

Министрдің айтуынша, автокомпаниялар сатып алушыларға өздерінің несие бағдарламаларын ұсынып жатыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметте өткен брифингте Қазақстандағы автокөлік нарығындағы баға динамикасына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министрдің айтуынша, бүгінде отандық өндірістегі автокөліктердің бағасы төмендеу үрдісі байқалып отыр.

Автокөліктердің бағасы төмендеп келеді. Бұл – оң үрдіс. Біз Қазақстанда өндірілген автокөліктердің баға динамикасын талдадық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың бағасы шамамен 5%-ға арзандады. Ал шетелде шығарылған автокөліктердің бағасы, керісінше, аздап өсті, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің сөзінше, бұған дейін іске асқан мемлекеттік автонесие бағдарламасы өз тиімділігін көрсеткен. Қазір автокөлік өндіруші компаниялардың өздері сатып алушыларға қолайлы шарттармен несие ұсынатын бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр.

Мемлекеттік бағдарлама болды, ол жақсы жұмыс істеді. Қазір әр компанияның өзіне тән тиімді несие бағдарламалары бар. Олардың шарттары туралы компания өкілдері толығырақ айтып бере алады. Олар тек автокөлік бағасын төмендетіп қана қоймай, өздерінің несие бағдарламаларын іске қосып, сатып алушыларды қаржыландырып отыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Премьер-министр Олжас Бектенов автокомпонент өндірісін дамыту жоспарын бір айда әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, қазақстандық электромобиль иелерін қандай өзгерістер күтіп тұрғаны хабарланды