13 Қазан 2026, 16:12

Қазақстанда шошқа тұмауы таралып жатыр: Нені білген жөн?

1 қыркүйектен бері Астана мен Маңғыстау облысында A(H1N1) тұмауының бес жағдайы расталды.

Қазақстанда қыркүйек айынан бері A(H1N1) тұмауының зертханалық жолмен расталған бес жағдайы анықталды. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің сауалына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, елімізде тұмау бойынша тұрақты эпидемиологиялық және зертханалық мониторинг жүргізіліп жатыр.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап A(H1N1) тұмауының зертханалық жолмен расталған 5 жағдайы тіркелді. Оның үшеуі Астана қаласында, екеуі Маңғыстау облысында анықталды. Эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Респираторлық вирустардың айналымына мониторинг жүргізу жалғасуда, – деді Жасұлан Алпысбаев.

Тұмаудың негізгі белгілері қандай?

A(H1N1) – жедел респираторлық ауру тудыратын А тұмауы вирусының қосалқы типтерінің бірі. Оның негізгі белгілеріне дене температурасының кенеттен жоғарылауы, бас ауруы, қалтырау, айқын әлсіздік, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы жатады. Сондай-ақ науқаста жөтел, тамақ ауруы және мұрыннан су ағу белгілері байқалуы мүмкін.

Вирус негізінен науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде ауа-тамшы жолы арқылы таралады.

Тұмаудан қалай сақтануға болады?

Тұмаудың алдын алудың негізгі спецификалық шарасы – вакцинация. Сонымен қатар инфекцияның таралу қаупін азайту үшін күнделікті профилактикалық шараларды сақтау маңызды.

Атап айтқанда, қолды үнемі сабынмен жуу, респираторлық гигиенаны сақтау және үй-жайларды желдету ұсынылады. Адам көп жиналатын орындарда медициналық маска пайдаланып, науқас адамдармен байланысты шектеген жөн.

Ал жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, медициналық көмекке уақтылы жүгіну қажет.