15 Қазан 2026, 06:35 Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстанда шетелдік емтихандар нәтижелерін қолдану мүмкіндігі кеңеюі мүмкін

Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша SAT нәтижелері ACT, International Baccalaureate (IB), A Level, IELTS және TOEFL секілді халықаралық емтихандар мен бағдарламалардың нәтижелерімен қатар ҰБТ балдарына аударылады.

14 қазанда Астанада өткен College Board SAT | AP Days халықаралық форумында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Министр халықаралық серіктестіктің жоғары білім сапасын арттыруға, жастардың академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және қазақстандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім берудің инновациялық модельдерін енгізуге және шетелдік студенттерді тартуға басымдық берілетінін айтты.

Форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы мен халықаралық коммерциялық емес College Board ұйымы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа орталық директоры Нұрсейіт Байжанов пен College Board вице-президенті Руши Шет қол қойды.

Меморандум жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде халықаралық емтихандардың нәтижелерін пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша SAT нәтижелері ACT, International Baccalaureate (IB), A Level, IELTS және TOEFL секілді халықаралық емтихандар мен бағдарламалардың нәтижелерімен қатар ҰБТ балдарына аударылады.

Тараптар алдағы уақытта Advanced Placement (AP) бағдарламасының нәтижелерін есепке алу тәсілдерін қарастырып, қазақстандық жоғары оқу орындарының осы бағдарлама туралы хабардарлығын арттыруды және халықаралық емтихандарды тану тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр.

Форумға Оңтүстік және Орталық Азия елдерінің білім беру саласының өкілдері қатысып, оқушыларды жоғары оқу орындарына дайындау, білімге қолжетімділікті кеңейту және педагогтерді қолдау мәселелерін талқылады.