16 Қазан 2026, 09:16 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда шағын бизнеске 10,2 трлн теңге бөлінді: Қаржы кімдерге беріледі?

Соңғы 7 жылда шағын және орта бизнес 4,5 млн адамды жұмыспен қамтып, ел экономикасындағы үлесін арттырды. Кәсіпкерлерге тағы қандай мүмкіндік бар?

Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдауға соңғы жеті жылда 10,2 трлн теңге бағытталды. Соның нәтижесінде сектордағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өсіп, ШОБ-тың ел экономикасындағы үлесі 40,9%-ға жетті. Кәсіпкерлерге арналған жаңа бағдарламалар қандай мүмкіндіктер ұсынады және жеңілдетілген қаржыландыруды кімдер ала алады?

7 жыл ішінде ШОБ саласындағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға артты

Шағын және орта бизнес Қазақстандағы еңбек нарығының негізгі драйверіне айналды. Ұлттық статистика бюросының өзекті деректеріне сәйкес, ШОБ секторында бүгінде 4 527 381 адам жұмыспен қамтылған – бұл елдегі барлық жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ы. Соңғы 7 жылда сектордағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өсті (2018 жылы – 3,3 млн).

Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 63,5%-ға өсіп, 2,2 млн бірлікке жетті.

Өнім шығару 3,2 есе артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 104,8 трлн теңгеге жетті.

Елдегі кәсіпорындардың саны бойынша сауда саласы (35%) көш бастап тұр. Алайда бизнесті кеңейту кезінде жаңа жұмыс орындарын құрудың ең үлкен әлеуетін өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және агроөңдеу байқатып отыр. Секторда әйелдер маңызды рөл атқарады-олар барлық ШОБ субъектілерінің 48,1%-ын басқарады (оның ішінде ЖК арасында 52,6% және заңды тұлғалар арасында 28,1%).

7 жыл ішінде бизнесті дамытуға 10,2 трлн теңге бөлінді

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген кредиттеу, субсидиялау және кепілдік беру жөніндегі құралдары 2019-2026 жылдар аралығында жалпы кредит сомасы 10,2 трлн теңгеге 176 716 бизнес жобасын қамтыды.

2025 жылғы маусымда «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Онда банк капиталының үлесі қаржыландырудың жалпы көлемінің жартысынан асады. 2025 жылғы сәуірден бастап «Даму» қорының базасында ШОБ және ірі инвестициялық жобалар үшін екі жаңа кепілдік қоры табысты жұмыс істейді. Ал 2025 жылғы желтоқсанда өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, ауылдарда және шағын қалаларда микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы басталды.

Бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер: «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары

Жергілікті жерлерде жеке бизнесті ынталандыру үшін шағын қалалар мен ауылдарды дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» ұзақ мерзімді бағдарламасы іске қосылды. 2029 жылға дейін бағдарлама жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге 15 мыңға жуық бизнес-жобаны қолдайды. Бағдарлама агроөнімдерді қайта өңдеуге, азық-түлік, жиһаз, құрылыс материалдарын өндіруге және қолөнерге бағытталған. Республикалық деңгейде бизнес-бастамаларға «таза парақтан» тетіктері және «Өрлеу» жеңілдікті кредиттеу бағдарламасы қолдау көрсетеді. Басым секторлар үшін (өңдеуші өнеркәсіп, IT, туризм, креативті индустрия және логистика) жылдық 12,6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыру лимиттері белгіленген.