Қазақстанда «Щелкунчик» балетін 40 мыңнан аса адам тамашалады

Қазақстанның үш жетекші театрында қойылған Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті қысқы маусымда 40 мыңнан астам көрермен жинады. Жаңа жыл қарсаңында классикалық туынды 47 рет сахналанып, көрермен ықыласына бөленді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әр театр балетті өзіндік интерпретацияда ұсынды. Ортақ сюжет сақталғанымен, сахналық шешім, пластика, визуал мен әртістердің орындау мәнері қойылымдардың ерекшелігін айқындады.

«Астана Опера» театрында балет Юрий Григоровичтің редакциясында ұсынылды. Симон Вирсаладзенің сценографиясы мен костюмдері спектакльге айрықша салтанат пен мерекелік реңк берді.

«Астана Балет» театры Алтынай Асылмұратова сахналаған Василий Вайнонен нұсқасын көрсетті. Қимылдың нақтылығы мен бидің жеңіл ырғағы, әсіресе, жас көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Щелкунчик» жыл сайынғы ең көп күтетін қойылымдардың бірі болып қала береді. 2015 жылы жаңартылған спектакльде классикалық дәстүр мен заманауи сахналық шешім үйлесім тапқан.

Осылайша, «Щелкунчик» балеті қазақстандық көрерменді классикалық өнермен қайта қауыштырып, қысқы маусымның басты мәдени оқиғаларының біріне айналды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы