Қазақстанда сайлау жүйесі өзгереді
Жаңа нормалар сайлау процесін жетілдіріп, кандидаттарға қойылатын талаптар мен үгіт ережелерін күшейтеді
Парламент екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат өткен сайлау науқандары кезінде анықталған проблемалық мәселелерді ескере отырып әзірленген. Түзетулер сайлау жүйесінің тиімділігін арттыруға, рәсімдерді нақтылауға және Конституцияның жаңа нормаларын іске асыруға бағытталған.
Заң жобасына сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта құрылған жағдайда сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және оларды беру тәртібі реттеледі. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері бала күтіміне немесе оқу демалысына шыққан кезде олардың өкілеттіктерін уақытша тоқтатып, орнына уақытша мүше тағайындау тетігі енгізіледі.
Құжатта әкім сайлауына қатысты жаңа нормалар да қарастырылған. Енді әкім лауазымына кандидаттар тең дауыс жинаған жағдайда қайта дауыс беру өткізіледі. Сондай-ақ кандидаттарды ұсыну тәртібі жүйеленіп, бір азаматтың бір уақытта әрі мәслихат депутаттығына, әрі әкімдікке кандидат болуына шектеу қойылады. Бұдан бөлек, бір адамның бірнеше сайлау округі бойынша қатар әкімдікке кандидат ретінде ұсынылуына жол берілмейді.
Сайлауалды үгіт мәселесіне де ерекше назар аударылған. Заң бойынша кандидаттар үгіт материалдарын өздерінің интернет-ресурстарында және онлайн платформалардағы парақшаларында жариялай алады. Алайда кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорынан тыс қаржы тартуға тыйым салынады.
Сонымен қатар, дауыс беру, дауыстарды санау немесе сайлау қорытындысын анықтау кезінде Конституциялық заң талаптары бұзылған жағдайда, Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары жекелеген учаскелерде немесе әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлауды жарамсыз деп тану құқығына ие болады.
Жаңа түзетулер азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге де бағытталған. Енді үздіксіз өндірістік циклі бар кәсіпорындарда және вахталық әдіспен жұмыс істейтін нысандарда арнайы сайлау учаскелерін құруға мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньдерді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салу ұсынылды. Заң шығарушылар мұндай әрекеттерді сайлауалды үгіттің бір түрі ретінде қарастырады.
Түзетулердің тағы бір бөлігі жаңа конституциялық нормаларды іске асыруға арналған. Атап айтқанда, Құрылтай институтын қалыптастыру, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, жекелеген лауазымдарға тағайындау және қызметтен босату мәселелері бойынша Президент пен Құрылтай арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум өткізу тәртібін жетілдіру қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін Парламент Президент туралы заңды қабылдады. Сондай-ақ, Парламент тағы бір заңды екінші оқылымда қабылдады.
Тағы оқи отырыңыздар: Енді Парламент Құрылтай болып өзгереді: Заң қабылданды