Самокат мінгендер бақылауға алынады: 1 шілдеден бастап не өзгереді?
Әкімшілік полиция жаңа талаптардың қалай жұмыс істейтінін және олардың қандай мақсатта енгізіліп отырғанын түсіндірді.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самокаттарды пайдалануға қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Жаңашылдықтардың бірі – жалға берілетін электр самокаттарға арнайы реттік нөмірлердің енгізілуі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова BAQ.KZ тілшісіне жаңа өзгерістерді түсіндірді.
Самокаттарға реттік нөмірлер беріледі
Ақтоты Боранованың айтуынша, жаңа талапқа сәйкес жалға берілетін барлық электр самокаттар реттік нөмірлермен жабдықталады.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Олар электр самокаттарды тіркеу мәселесін, нақтырақ айтқанда, реттік нөмірлерді қарастырады. Әрбір жалға беру компаниясының самокаттары өзіне тиесілі реттік нөмірлермен жабдықталады. Жалға электр самокат беретін барлық компаниялар өз самокаттарының есебін жүргізеді, – дейді Ақтоты Боранова
Оның айтуынша, әр кикшеринг компаниясына арнайы әріптік белгі беріледі.
Бізде электр самокаттарды жалға беретін бірнеше компания бар. Мысалы, егер бұл "Яндекс" компаниясы болса, онда алғашқы белгі ретінде белгілі бір әріп қойылады, одан кейін бес таңбалы реттік нөмір жазылады, – деді ол.
Нөмірлерді камералар бақылай алады
Полицияның мәліметінше, жаңа нөмірлер арнайы жарық қайтаратын материалдан жасалады.
Бұл нөмірлер анық көрінетін болады. Олар автоматты тіркеу жүйелері арқылы автоматты режимде оқылады. Сонымен қатар бейнебақылау камералары арқылы да бақыланады, – деді ведомство өкілі.
Әкімшілік полиция өкілі бұл белгілерді көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен шатастырмауға шақырды.
Бұл тіркеу нөмірлері емес. Шатастырмаңыздар. Бұл тек реттік нөмірлер. Олар электр самокаттың артқы бөлігіне және ұстағыш орналасқан бүйір жақтарына жапсырылады. Нөмірлер барлық жағынан көрінетіндей етіп орналастырылады. Бұл бейнебақылау жүйелері мен автоматты тіркеу құрылғыларының оларды оңай анықтауына мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Ақтоты Боранова.
Ереже бұзған самокат жүргізушілері автоматты түрде анықталады
Әкімшілік полицияның өкілінің айтуынша, жаңа жүйе құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Егер электр самокат пайдаланушысы қандай да бір ережені бұзса, бұл автоматты режимде реттеледі. Сонымен қатар бейнебақылау камераларының көмегі пайдаланылады, – деді ведомство өкілі.
Ақтоты Боранова мұндай жағдайларға мысал да келтірді.
Мысалы, электр самокат жүргізушісі белгілі бір уақытта, белгілі бір көшеде немесе бағытта белгіленген жылдамдықтан асып кетсе, ол автоматты тіркеу жүйелері арқылы анықталады. Жолдың шетімен қозғалу кезінде рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық – сағатына 25 шақырым, – деп атап өтті өкіл.
Жол апаты мен басқа да құқық бұзушылықтар камера арқылы бақыланады
Әкімшілік полицияның мәліметінше, тек жылдамдық асыру ғана емес, басқа да құқық бұзушылықтар бақылауға алынады.
Егер самокат жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде жол-көлік оқиғасын жасаса немесе қоғамдық орындарда басқа да құқық бұзушылықтарға жол берсе, мұның бәрі бейнебақылау камералары арқылы тіркеледі, – деді ведомство өкілі.
Полицияның айтуынша, мұндай ақпарат жедел түрде патрульдік полиция қызметкерлеріне беріледі.
Ақпарат планшеттермен жабдықталған жақын маңдағы патрульдік экипаждарға жолданады. Кейін полиция қызметкерлері жасалған құқық бұзушылықтың сипатына қарай тиісті әрекет етеді және заң аясында шара қабылдайды, – деп түсіндірді әкімшілік полиция өкілі.
Самокаттарды сақтандыру міндетті болады
1 шілдеден бастап күшіне енетін тағы бір маңызды өзгеріс – кикшеринг компанияларының барлық электр самокаттарды міндетті түрде сақтандыруы.
Күшіне енетін тағы бір өзгеріс – электр самокаттарды жалға беретін барлық компаниялар өз самокаттарын сақтандыруға міндетті болады, – деді полиция өкілі.
Ведомство бұл өзгерістің басты мақсаты пайдаланушылар мен зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау екенін айтты.
Бұл не деген сөз? Ең алдымен, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда самокат пайдаланушысына немесе самокат жүргізушісінің әрекетінен зардап шеккен адамға сақтандыру полисі арқылы өтемақы алуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Ақтоты Боранова.
Самокатты жалға алған адам автоматты түрде сақтандырылады
Әкімшілік полицияның мәліметінше, пайдаланушы самокатты жалға алу кезінде автоматты түрде сақтандыру жүйесіне қосылады.
Электр самокатты жалға алған кезде пайдаланушы электронды офертаға қол қояды. Сол сәтте ол сақтандыру келісіміне де автоматты түрде қосылады. Яғни самокатты пайдалану кезеңінде ол сақтандырылған тұлға болып есептеледі, – деді ведомство өкілі.
Зардап шеккендер сот арқылы өтемақы өндіріп ала алады
Ақтоты Боранова жол-көлік оқиғасы немесе басқа да жағдайлар кезінде азаматтардың өз құқықтарын қорғай алатынын атап өтті.
Егер жол-көлік оқиғасы немесе басқа оқиға салдарынан материалдық шығын келтірілсе, зардап шеккен адам азаматтық тәртіппен сотқа жүгіне алады. Ол материалдық шығынды да, моральдық зиянды да өтеуді талап етуге құқылы, – деді әкімшілік полиция өкілі.
Ведомство өкілінің мәліметінше, мұндай талаптар самокат жүргізушісінің әрекетінен зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.