27 Қазан 2026, 08:11 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда Республика күніне орай жаңа мектептер мен білім беру орталықтары ашылды

Жаңа нысандар балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді.

Қазақстанда Республика күніне орай бірқатар жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында Астанадағы оқушылар сарайлары, Алматыдағы балабақшалар, өңірлердегі мектептер мен Ақтөбедегі IT-орталық бар.

Астанада жалпы 1500 орындық екі оқушылар сарайы ашылды. Жаңа нысандар балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді.

Алматыда жалпы сыйымдылығы 880 орындық үш балабақша жұмысын бастады. Ал Талдықорғанда 300 оқушыға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Жетісу облысының Көксай ауылында 60 орындық, Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп ашылды. Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық №5 мектептің жаңа ғимараты іске қосылды.

Ақтөбеде 300 орындық Aqtobe IT Hub инновациялық оқу орталығы ашылды. Мұнда балалар жасанды интеллект, робототехника, 3D модельдеу, бағдарламалау және цифрлық медиа бағыттарын меңгере алады.

Жаңа нысандар білім беру инфрақұрылымын дамытуға, балалардың қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және ауыл мен қаладағы оқушылар үшін сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.