Қазақстанда Қызыл кітапқа енген сілеусінге алғаш рет GPS-қарғыбау тағылды
Қараша есімі берілген сілеусін Алматы облысының Кеген ауданынан табылды. GPS-қарғыбау ғалымдарға оның тіршілігін бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда сирек кездесетін Түркістан сілеусініне алғаш рет GPS-қарғыбау орнатылды. Енді ғалымдар оның қозғалысын спутник арқылы бақылап, табиғи ортадағы тіршілігін зерттей алады.
Жануар 20 қарашада Алматы облысының Кеген ауданында, Алғабас ауылы маңындағы Шелек өзенінің жағасынан табылған.
Бақылау кезінде мамандар сілеусіннің шибөрінің өлексесімен қоректеніп жатқанын байқаған. Осыдан кейін «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің қызметкерлері мен Зоология институтының мамандары жыртқышты қауіпсіз түрде ұстап, жағдайын тексеріп, GPS-қарғыбау орнатқан.
Қажетті шаралар аяқталған соң сілеусін қайтадан табиғи ортасына жіберілді.
Жануарға Қараша деген ат берілген. Мамандардың мәліметінше, оның қазіргі жағдайы тұрақты.
Спутниктік бақылау арқылы ғалымдар сирек жыртқыштың қозғалыс бағыттарын, мекен ету аумағын және белсенділігін зерттей алады.