Қазақстанда қылмыстық құқық бұзушылықтар саны азайды

Ішкі істер министрлігінде алты айдың қорытындысы шығарылды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алқа отырысына орталық аппарат және аумақтық полиция бөліністерінің, ведомстволық оқу орындарының және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысты.

Жиында ішкі істер органдарының жедел қызметтік нәтижелері айтылды.

Жалпы елімізде қылмыстың төмендеуі байқалады.

Мысалы:

- денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2%-ға;

- ұрлық 29%-ға;

- мал ұрлығы 33%-ға;

- тонау 20%-ға азайды.

Қылмыстардың ашылуы да жақсарды.

Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жеке қаралды.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша 1,3 млн бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның ішінде 291 мың камера полицияның жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдеріне қосылған. Олардың көмегімен жыл басынан бері 5 мыңнан астам қылмыс және 324 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, - деді ол.

Автоматты тіркеу жүйелерімен 3,9 млн жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі тіркелді.

Ішкі істер министрлігімен «Қорғау» бағдарламасы әзірленген болатын.

Ол полицияға жолда өрескел заң бұзатын жүргізушілерді анықтауға және олармен алдын алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарлама барлық 20 аймақта қолданылады. Биыл «Қорғаудың» көмегімен 339 мыңнан астам көлік құралы тексеріліп, 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 9 мыңға жуық автокөлік айыппұл тұрағына қамалды. Жалған нөмірлі 173 көлік анықталды, - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Сонымен қатар полиция жүргізушілер тәртібін нығайту бойынша шаралар қабылдады.

6 айда 12 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталып, жүргізу құқығынан айырылды. Жыл басынан бері дәл осы мас күйде көлік тізгіндеудің салдарынан 178 жол-көлік оқиғасы орын алып, 26 адам қаза тапты. Осы орайда қазақстандық жүргізушілерге үндеу жасағым келеді. Мас күйде көлікке отырмаңыздар! Жол қателіктерді кешірмейді, - деді ІІМ ресми өкілі.

Ведомство «SOS» батырмаларын орнату жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі таңда республика бойынша 284 құрылғы жұмыс істейді.

Оларда да бейнебақылау камерасы бар. Бұл - алдын алу мен қауіпсіздіктің тиімді құралы. Жалпы мұндай түймелер қылмыс деңгейін төмендетуге және қала тұрғындары мен туристердің өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі, - деді Шыңғыс Алекешев.

Сондай-ақ ол азаматтардың өтініштерінен бірнеше мысал келтіре кеттті.

Ақпан айында елордалық полицияға батырма арқылы «Көктал» шағын ауданының саябағында жоғалып кеткен 8 жасар бала қоңырау шалды. Сондай-ақ мамыр айында «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығының жанындағы батырманың көмегімен жоғалған 6 жасар қыз полицияға хабарласты, - деді ол.

Тек 1 маусымда Астанада «SOS» батырмалары арқылы полицияға жүгінудің 4 фактісі тіркелген.

Біз бұл жағдайлар туралы ведомстволық Polisia.kz сайтында толығырақ баяндаған болатынбыз. Осыған ұқсас деректер Қарағанды облысында да болған. Онда жоғалып кеткен екі бала осы батырмалардың көмегімен табылды. Айта кету керек, Ішкі істер министрлігі қаржы институттарымен және жеке компаниялармен бірлесіп, бюджеттен қаражат кетірмей, түймелерді орнатудың оң тәжірибесін енгізді. Осы тәсілмен 38 құрылғы орнатылды, - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

ІІМ жұмысының негізгі бағыттарының бірі есірткі қылмысына қарсы күрес болып табылады.

Жыл басынан бері осы бағытта полицейлер 9 мыңнан астам алдын алу шарасын жүргізді. 6 айда 4 мың есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 1600-ден астамы қылмыс. Заңсыз айналымнан 17 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 355 кг синтетика тәркіленді, - деді ІІМ ресми өкілі.

31 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Интернет пен телефон алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл қаралды.

Мүдделі мемлекеттік органдармен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлер арқылы шетелден жасалатын қоңырауларға тосқауыл қойылды. Байланыс операторларының деректер базасын интеграциялағаннан бері 58 млн қоңырау бұғатталды (2022 жылдың қарашасы). Жалпы 6 ай ішінде осы бағытта қабылданған шаралардың нәтижесінде алаяқтар шығармақ болған 380 млн теңгеден астам қаражат тоқтатылды, - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы Ұлттық ұланда да шығарылды.

Астанада ІІМ басшысының төрағалығымен және өзара іс-қимыл жасайтын органдар басшыларының қатысуымен әскери кеңес өтті. Ұлттық ұланның жеке құрамы полиция қызметкерлерімен бірге көшелерде тәулік бойы қызмет атқарады. Маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар кезінде олар патрульдік-бекеттік қызметтің 2 мыңнан астам міндетін орындады, ішкі істер органдарына 7,5 мыңнан астам құқық бұзушыны жеткізді. Бұдан басқа, 3 мыңнан астам әскери қызметші, 160-тан астам автокөлік және арнайы техника, сондай-ақ 7 әуе техникасы су тасқынын жою жұмыстарына тартылды, - деді ол.

Ұландықтардың күшімен 4 мыңнан астам адам, 600 тонна жүк және 130 тонна гуманитарлық көмек тасымалданды.

5 мыңнан астам азамат эвакуацияланды. Ведомствоның кадр желісі бойынша да қорытындылар шығарылды. Тәлімгерлер кеңесінің қорытынды отырысы барлық облыстық полиция департаменттерінде өтті.

Ардагерлерден тұратын кеңестер былтыр қарашада ішкі істер министрінің тапсырмасымен құрылды. Олардың көп жылдық тәжірибесі жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуы мен бейімделуіне көмектеседі. Ардагерлердің әлеуеті - жастарды құқықтық тәрбиелеуде де жақсы көмек. Бүгінгі таңда аумақтық бөліністерде 3 мыңнан астам тәлімгер бар.

Айта кетейік, мамыр айының соңында ішкі істер министрі тәлімгерлік алгоритміне өзгерістер енгізген бұйрыққа қол қойды.

Мысалы, енді қызметке қабылданған сақшылар алты ай бойы аға әріптестерінің бақылауында болады. Бұл мерзім бұрын үш ай болатын. Басты мақсат - жұмыс сапасын жақсарту және полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру. Кадрлық әлеуетті арттыру жылы аясында полиция қызметкерлері кезектен тыс аттестаттаудан өтіп жатқаны баршаға мәлім. Ол 1 сәуірде басталды және жыл соңына дейін жалғасады. Биылғы аттестаттаудың ерекшелігін атап өткім келеді. Аттестатталатын қызметкерлер алғаш рет Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тестілеу орталығы базасында заңнаманы білу және логикалық ойлау деңгейін анықтау бойынша тестілеуден өтеді, - деді ол.

Сондай-ақ алғаш рет аттестаттау комиссияларының құрамына прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары кірді.

Отырыстарға бақылаушы ретінде Президент Әкімшілігінің өкілдері қатысады.

Осы шаралардың барлығы объективтілік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінгі таңда комиссиялардың 27 отырысы өткізілді. Комиссиялар мыңнан астам қызметкер өтті (1306). Олардың 12%-ы кадр резервіне қабылдау үшін ұсынылады. 79%-ы атқаратын лауазымдарына сәйкес деп танылды. 9%-ы атқаратын лауазымдарына сәйкес емес деп танылып, төмендетуге немесе басқа қызметке ауыстыруға ұсынылды. Жалпы, ішкі істер органдарының жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылай келе, Министр қылмысқа қарсы күресті күшейтуді, алдын алуды жандандыруды, азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды тапсырды, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы