Қазақстанда қылмыс деңгейі төмендеді

Ішкі істер министрлігінде алқа отырысы өтті. Онда ішкі істер органдарының 2025 жылдағы жедел қызметінің қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Өткен жыл Мемлекет басшысы жариялаған "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайту кезеңі болды. Осы бағытта министрлікте Профилактика жылы жарияланып, бұл жасалып қойған құқық бұзушылықтарға ден қоюдан олардың алдын алуға басымдық беруге мүмкіндік берді. Жүйелі профилактика өз тиімділігін дәлелдеп, қылмыстың тұрақты түрде төмендеуіне септігін тигізуде, - деді Ержан Саденов.

Жүйелі профилактикалық және жедел жұмыстың арқасында 2025 жылы елде қылмыс саны 6 мыңнан астам қылмысқа азайды. Әсіресе кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық және басқа да ауыр, аса ауыр қылмыстар бойынша айтарлықтай төмендеу байқалды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстардың саны азайып, қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстар, бұрын сотталған адамдар тарапынан жасалатын қайталама құқық бұзушылықтар төмендеді. Қылмыстың барлық түрі бойынша, оның ішінде аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 98%-ға дейін артты.

Өткен жылдары жасалған 2,7 мыңнан астам қылмыс ашылды. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жолындағы ішкі істер органдарының ұстанымын көрсетеді. 2025 жылы полиция іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскерді ұстады. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 20 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталып, олар отбасыларына қайтарылды. Жәбірленушілердің құқықтары қамтамасыз етіліп, оларға келтірілген залал бойынша шамамен 60 млрд теңге өтелді. 17 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы