Қазақстанда құрылыс материалдарының бағасы жаңа ереже бойынша бақыланады
Жаңа тәртіп құрылыс саласындағы баға белгілеудің ашықтығын арттыруға бағытталған
Құрылыс материалдарының бағасы жаңа ереже бойынша бақыланады, ал мемлекеттік жобаларды жеке авторлық шарттар жасамай-ақ пайдалануға болады. Қазақстанда Жоғары аудиторлық палатаның аудитінен кейін бірқатар шара жүзеге асырылды.
ҚР ЖАП баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылыс ресурстарының құны туралы ақпараттың шынайылығын арттыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік кірістер органдарының растаушы мәліметтерді ұсыну тәртібін бекітті.
Енді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ішкі нарыққа құрылыс материалдарын жеткізетін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы деректерді, сондай-ақ өндірушілердің, жеткізушілер мен құрылыс компанияларының электрондық шот-фактураларындағы мәліметтерді алады.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап ведомство құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкциялары мен жабдықтарын өндіретін және жеткізетін кәсіпорындардың тізбесін қалыптастыру мен жүргізудің жаңа ережелерін де қолдана бастады. Тізімге енгізілген компаниялар өнім құнын бақылау үшін ақпаратты тікелей ұсынуға міндетті.
Мемлекеттік құрылыс жобалары банкіндегі жобалау-сметалық құжаттаманы пайдалану мәселесі де жеке шешілді. Дайын шешімдерді қайта қолдану жобалауға кететін уақыт пен шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.
«Мемсараптама» РМК және оның филиалдарымен бірлесіп мамандар 921 жобаны қарады. Жұмыс қорытындысы бойынша 917 авторлық шарт жасалды. Қалған төрт жоба бойынша қаржыландыру көзі өзгергендіктен, мұндай шарттар қажет болмады.
1 шілдеден бастап Құрылыс кодексіне енгізілген түзетулер де күшіне енді. Мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалған сәулет және қала құрылысы туындыларына мүліктік құқықтар енді уәкілетті орган мен мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі.
Осының арқасында мұндай жобалар авторлық шарт жасасуды қажет етпей, Мемлекеттік құрылыс жобалары банкіне автоматты түрде енгізіледі.
Өзгерістер нормативтік-техникалық базаға да қатысты. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарын қалыптастыру мен жүргізудің жаңа ережелері бекітілді.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ-мен бірлесіп қолданыстағы каталогтарға енгізілген құжаттар тексерілді. 20 жылдан астам уақыт бұрын әзірленген 455 нормативтік құжаттың 386-сы ескірген деп танылып, алынып тасталды. Ал баламасы болмағандықтан 69 құжат қолданыста қалдырылды.
Бұл құжаттар энергетика, өрт қауіпсіздігі, жол құрылысы, авиация және телекоммуникация салаларын қоса алғанда, түрлі бағыттарды реттейді.
Қабылданған шаралар баға белгілеудің ашықтығын арттыруға, жобалау кезіндегі шығындар мен мерзімдерді қысқартуға, сондай-ақ құрылыс саласындағы мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға бағытталған.