Қазақстанда құлан популяциясы қалпына келтірілді
Елімізде бұрын жойылып кеткен құландарды қайта жерсіндіру жұмыстары оңтайлы жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандағы құланды қайта жерсіндіру жұмыстарына 70 жыл толып отыр. ХХ ғасырдың ортасына қарай бұл жабайы жануарлар еліміз аумағынан толықтай жойылып кеткен еді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың сөзінше, құлан популяциясы бүгінде толықтай қалыпқа келтірілді.
1953 жылы дәл осы жерден Барсакелмес аралына жеті құлан әкелініп, түрді табиғатқа қайта қайтару жөніндегі жүйелі жұмыстың бастамасы болды. Бүгінде олардың саны 4,6 мың бастан асып, жануарлар қайтадан дала және шөлейт экожүйелерінде кеңінен таралуда, - деді ол.
Сондай-ақ, комитет жануарларды қайта қоныстандыру жұмыстарын белсенді түрде жалғастырып жатқанын айтты.
2024 жылы 42 құлан «Іле-Балқаш» резерватына және 24 құлан «Алтын Дала» резерватына көшірілді. Ағымдағы жылдың күзінде қосымша 17 құлан «Іле-Балқашқа», ал 19 құлан «Алтын Далаға» жеткізілді. Бұл шаралар жергілікті популяциялардың тұрақтылығын арттыруға және түр бұрын жойылып кеткен аймақтардағы табиғи байланыстарды қалпына келтіруге бағытталған, - деді төраға.