Қазақстанда қоғамдық орындарда тиісу жиілеп барады
2025 жылы Қазақстанда қоғамдық орындардағы тиісу деректері рекордтық деңгейге жетті. Бұл – аталған норма 2015 жылдың 1 қаңтарында енгізілгелі бергі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бірінші кредиттік бюро деректеріне сүйенсек, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы – «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша тіркелген құқықбұзушылық саны 115,9 мың жағдайды құраған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 29%-ға жоғары.
Аталған бап қоғамдық орындарда адамдарға қызметтерді күштеп ұсыну (бал ашу, жезөкшелік, тауар сату және өзге де әрекеттер), сондай-ақ қайыр сұрау деректерін қамтиды. Мұндай құқықбұзушылықтар көшелерде, алаңдарда, дүкендерде, вокзалдарда және қоғамдық көлікте тіркелген.
Тіркелген істердің басым бөлігі – 111,4 мың жағдай ескерту берумен аяқталған. Айыппұл тек 3,4 мың жағдайда ғана қолданылған. Жалпы алғанда, 115,1 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, олардың ішінде 1,6 мың шетелдік және 67 кәмелетке толмаған бар.
Құқықбұзушылықтарды анықтауға сауда-ойын-сауық орталықтарын, базарларды, ғибадат орындарын, вокзалдарды патрульдеу, сондай-ақ Сергек бейнебақылау жүйелері көмектесіп отыр.