Бүгiн 2026, 15:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда қай сыныптардың оқулықтары жаңаратыны белгілі болды

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына жасанды интеллект тақырыптары да енгізіледі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биыл қай сыныптардың оқулықтары жаңаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметте өткен брифингте министр білім беру мазмұны жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтарына сәйкес жаңартылып жатқанын айтты.

Биыл 2, 3, 7, 8 және 9-сыныптардың оқулықтары жаңарады. Бұл жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік білім беру стандарты да қайта қаралып жатыр.

Сонымен қатар «Қазақстан географиясы» пәніне қосымша екі сағат беріледі.

Оның аясында жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтары енгізіледі, – деді ведомство басшысы.

Сүлейменова Президент Жарлығына сәйкес мектеп бағдарламасына жасанды интеллект бағыттары енгізілетінін де айтты.

Оның сөзінше, 1-4-сыныптарда «Жасанды интеллект және цифрлық сауаттылық» бағыты пайда болады.

Бұған дейін цифрлық сауаттылық пәні болған. Енді оған 12 сағат көлемінде жаңа тақырыптар мен жаңа мақсаттар енгізіледі, – деді министр.

Сонымен қатар 5-9-сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» және информатика пәндері аясында жаңа тақырыптар, жаңа оқу мақсаттары және бақылау жұмыстарына қатысты жаңа тәсілдер енгізіледі.

Еске салсақ, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің мектептегі кабинет жөндеуіне өз қалтасынан ақша шығаруға міндетті еместігін мәлімдеді. Ол мектептегі жөндеу жұмыстарына педагогтердің жеке қаржы жұмсауы заңға қайшы екенін айтты.