Бүгiн 2026, 12:47 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров

Қазақстанда қауіпті мал індеттері анықталған жоқ – АШМ

Аралдағы мал шығынына қатысты министрлік түсініктеме берді.

Қазақстанда бүгінгі таңда аса қауіпті жұқпалы мал аурулары тіркелген жоқ. Бұл туралы сенат клуарында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде ветеринариялық қауіпсіздік тұрақты бақылауда тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және оларды анықтау бағытында жүйелі мониторинг жүргізіп келеді.

Біздің тарапымыздан республика бойынша тұрақты мониторинг жасалады. Арнайы зертханаларымыз бар. Көктемгі және күзгі кезеңдерде жануарларға, оның ішінде жабайы табиғаттағы жануарларға да зерттеу жүргізіледі. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ,-деді Бердалин.

Ол мал арасында әртүрлі аурулардың кездесуі табиғи құбылыс екенін атап өтті. Алайда олардың барлығы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатпайды.

Мал болған соң түрлі аурулар кездеседі. Егер оны дұрыс күтпесе, ауруға шалдығуы мүмкін. Бірақ мұндай аурулардың басым бөлігі терапиялық сипатта болады. Оларды емдеу жергілікті атқарушы органдардағы ветеринариялық дәрігерлердің құзыретіне жатады. Ал министрлік аса қауіпті аурулардың таралуына жол бермеу мәселесін қадағалайды,-деді вице-министр.

Сондай-ақ брифинг барысында журналистер Қарағанды облысы Баршын ауылында малдың жаппай қырылуына қатысты жағдайды сұрады.

Бердалиннің сөзінше, қазіргі уақытта бұл оқиға аса қауіпті жұқпалы аурумен байланысты деп бағаланбай отыр.

Біз мұндай жағдайлардың барлығын бақылауда ұстаймыз. Қазіргі таңда Қазақстанда аса қауіпті аурулардың тіркелмегенін ресми түрде мәлімдейміз, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қызылорда облысы Арал ауданындағы Баршылық ауылында мал шығыны көбейгені туралы ақпарат тараған болатын.