Қазақстанда қатерлі ісікті емдеуге қажетті дәрі-дәрмек өндіру көбейеді
Қазақстанда ядролық медицина мен радиофармацевтика саласын дамыту жоспарланып отыр. Алдағы жылдары қатерлі ісікті емдеуге қолданылатын радиоизотоптар өндірісін қамтамасыз етуге басымдық беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Құрылтай комитетінің отырысында айтты.
Ядролық ғылым мен технологияларды дамыту бағытында ядролық медицинаны, радиофармацевтиканы және радиациялық технологияларды дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. ВВР-К зерттеу реакторының жұмысына қажетті отынды 2028–2029 жылдары жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл реактордың 2030–2039 жылдары жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажет. Осы арқылы қатерлі ісікті емдеуге арналған радиоизотоптар өндірісін толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік болады, - деп атап өтті агенттік басшысы.
Сонымен қатар Қазақстанда Бельгияда өндірілген жаңа циклотрон қондырғысын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұған қоса, Бельгияда шығарылған жаңа Cyclone-18/9 циклотрон қондырғысын іске қосу көзделген. Бұл радиофармацевтикалық препараттар өндірісін арттырып, оларды жеткізудің сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетейік, радиофармацевтикалық препараттар ядролық медицинада түрлі ауруларды, соның ішінде онкологиялық дерттерді диагностикалау және емдеу үшін қолданылады. Оларды өндіру үшін арнайы жабдықтар мен радиоизотоптар қажет.
Атом ғылымын дамыту аясында Қазақстан зерттеу инфрақұрылымын да кеңейтіп келеді. Агенттік мәліметінше, бүгінде елде ядролық, радиациялық, геофизикалық және электрфизикалық бағыттағы 28 қондырғының жұмысы қамтамасыз етілген.