Қазақстанда қатерлі ісік "жасарып" келеді

Дүние жүзінде 17 қарашада жатыр мойны обырын жою жөніндегі іс-қимыл күні атап өтіледі. Айтулы датаға орай Ұлттық ғылыми онкология орталығы баспасөз жиынын ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл басынан бері жатыр мойны обырына шалдыққан 1368 жаңа пациент тіркелді. Соның ішінде 83,8%-ы, яғни 1146 әйел – аурудың алғашқы және екінші сатысында анықталған. Қалған 16,2%-ы, өкінішке қарай, дерттің асқынған кезеңінде келіп түскен. 61 әйел 4-ші сатыда, яғни метастаздары пайда болған кезде тіркелді, - деп атап өтті Ұлттық ғылыми онкология орталығы Басқарма төрағасының стратегиялық даму, ғылыми және білім беру қызметі жөніндегі орынбасары Оксана Шатковская.

Айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда жатыр мойны обыры диагнозымен есепте тұрған пациенттер саны 18 мыңнан асады.

Олардың 11 мыңнан астамы – бес жылдан бері осы дертпен өмір сүруде, бұл дегеніміз – дертті толық еңсерген немесе тұрақты ремиссиядағы әйелдер. Айта кетерлігі, қазіргі таңда қатерлі ісіктердің барлық түрі жасарып келеді. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, диагностиканың жақсаруы әсер етті. Бүгінде жоғары технологиялық зерттеу әдістері қолданылады, скрининг және тестілеу кеңейтілген. Жастардың да өз денсаулығына деген жауапкершілігі арта түсті. Екіншіден, қоршаған ортаның өзгеруі де рөл ойнайды. Урбанизация үдей түсті, ауада канцерогендердің мөлшері көбейді, тамақтану да өзгерді, табиғи өнімдер азайды. Стресстің артуы да онкологиялық дертке түрткі болатын факторлардың бірі. Үшіншіден, тұқымқуалаушылықтың да ықпалы зор, - деп түсіндірді дәрігер.

Сондай-ақ ол пандемиядан кейін әлем бойынша қатерлі ісіктің өсуіне тоқталды.

Әлемде де, Қазақстанда да қатерлі ісік деректері көбейіп келеді. Бірақ бұл жағдайдың бір қыры – ерте анықтаудың жақсаруы. Бұрын елімізде қатерлі ісіктердің 20%-ына жуығы ғана ерте сатыда анықталатын. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша, онкологиялық аурулардың 35%-дан астамы бастапқы кезеңде айқындалып отыр. Ең бастысы – өлім-жітім азайып келеді. Ауру анықталады, бірақ дер кезінде жүргізілген ем нәтижесінде көптеген пациенттің өмірін ұзартуға мүмкіндік бар, - деді Оксана Шатковская.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы