Қазақстанда Қарттар күніне орай бірнеше шара өтетін болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық қарттар күніне орай елімізде бірқатар шара өтеді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жыл сайын 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған мерекеге орай бір айға шаралар жоспарын әзірледі. Жоспарға мерекелік және салтанатты шаралар мен акциялар, қайырымдылық көмек пен баспана жағдайын жақсартуға арналған және тағы басқа бағыттардағы жобалар енді.
Мысалы, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда қарттар мен мүгедектігі бар тұлғалар үшін «Ашық есік күндері» болады. Келушілер тексеруден өтіп, дәрігерлерден кеңес ала алады. «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында науқасы дендеген қарт адамдарға азық-түлік жиынтықтары беріледі. Сондай-ақ, басқа да көмек көрсетіледі, - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Оның айтуынша, жалғыз тұратын қарт адамдардың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін электр құрылғыларын, газ құбырлары мен санитарлық техниканы бүтіндеуге басымдық беріліп, пәтерлер жөнделеді. Тауар өндірушілердің қатысуымен қазан айында әр демалыс күндері жеңілдетілген бағамен ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді. Қазақстандағы барлық іс-шаралар мен акциялар міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты және карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтай отырып өтеді.
Біз 40-қа жуық шараны қамтитын «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жоспарының жобасын жасадық. Осы жоспар аясында елдің барлық аймақтарында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарлануда, онда егде жастағы адамдар бос уақытын өткізе алады: ағылшын тілін үйрену, компьютерлік сауаттылық курстарынан өту, емдік дене шынықтыру, би және тағы басқа. Осылайша, біз қарттардың көңіл-күйін жақсартуға тырысамыз және олардың қоғамға белсене араласуына көмектесеміз, - деді вице-министр.