Қазақстанда қаңтар әдеттегіден жылырақ болады

Синоптиктердің болжамына сәйкес, Қазақстанда қаңтар айы жылы болады деп күтілуде. Ай бойындағы орташа ауа температурасы республика аумағында қалыпты көрсеткіштен 1–2 градусқа жоғары болады, деп хабарлайды BAQ.KZ "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап. 

Айлық жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шамасында болжанып отыр. Ал Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының көп бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарының солтүстік-шығысында, Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан облысының оңтүстік-шығысында және Жетісу облысында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болуы ықтимал.

Ай бойы қарлы боран, екпінді жел, тұман мен көктайғақ кезектесіп, ашық әрі аязды күндермен алмасып отырады.

Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -10–18°С-қа дейін, күндіз -5–12°С-қа дейін төмендейді. Кейіннен ауа температурасы біртіндеп оң мәндерге дейін көтеріледі.

Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде түнгі ауа температурасы -10–20°С пен -3–8°С аралығында, күндіз -2–12°С пен -5+3°С аралығында құбылады.

Елдің шығысында түнде -2–13°С-тан -10–18°С-қа дейін, күндіз -6+2°С-тан -2–10°С-қа дейін болады.

Оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнгі температура -2–12°С пен -5+5°С аралығында, күндіз -3+8°С-тан +5+10°С-қа дейін көтеріледі, ал елдің ең оңтүстігінде күндіз +15°С-қа дейін жетуі мүмкін.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, солтүстік-батыс, шығыс және орталық өңірлерде суық ауа массаларының енуіне байланысты түнде ауа температурасы -25–35°С-қа дейін, күндіз -15–20°С-қа дейін төмендеуі ықтимал.

Қаңтардың ең жылы күндерінде ауа температурасы -5+3°С-қа дейін көтеріледі деп болжанып отыр.

Елдің батысында суық толқындар кезінде түнгі температура -20–27°С-қа дейін, күндіз -12–19°С-қа дейін төмендейді. Айдың жекелеген күндерінде күндізгі ауа температурасы 0…+5°С-қа дейін көтерілетін жылымықтар болуы мүмкін.

Елдің оңтүстік жартысында түнгі ауа температурасы 0…-5°С пен -10–20°С аралығында, күндіз +2+12°С пен -3–13°С аралығында құбылады. Ал үшінші онкүндіктің кейбір күндерінде түнде ауа температурасы -20–30°С-қа дейін, күндіз -10–18°С-қа дейін төмендеуі ықтимал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы