Қазақстанда қант диабетімен ауыратындар көбейді: 575 мыңнан астам адам есепте тұр
Биыл аурудың 32 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды.
Қазақстанда қант диабетін ерте анықтау шаралары күшейтіліп, науқастарға медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді. Бұл туралы Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 575 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 30 987-ден астам науқаста аурудың бірінші типі анықталған.
Маңызды өзгерістердің бірі – 40 пен 76 жас аралығындағы азаматтар үшін тегін скринингтік тексерулердің кеңеюі. Қазақстандықтар екі жылда бір рет гликирленген гемоглобин, триглицеридтер және төмен тығыздықтағы липопротеидтер деңгейін анықтайтын тексеруден өте алады.
2026 жылдың тоғыз айында мұндай скринингтен 1,6 миллионнан астам адам өткен. Нәтижесінде дәрігерлер аурудың 32 342 жағдайын анықтады. Науқастардың 95 пайызға жуығы тұрақты медициналық бақылауға алынған.
Мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру үшін елімізде Эндокринология және диабет жөніндегі республикалық құзырет орталығы құрылды. Оның өңірлік бөлімшелері Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында жұмыс істейді.
2027 жылдың соңына дейін осындай орталықтарды Қазақстанның барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар емханалар жанындағы «Қант диабеті мектептерінің» желісі кеңейтілуде. Онда науқастарға қандағы қант деңгейін өз бетінше бақылау, дәрігер ұсынымдарын орындау және аурудың асқынуының алдын алу жолдары үйретіледі.
Қант диабетімен ауыратын қазақстандықтар дәрігерлердің кеңесін тегін алып, тұрақты медициналық бақылаудан және ауру асқынған жағдайда мамандандырылған көмектен өте алады.
Мемлекет есебінен науқастар инсулинмен, қандағы қантты төмендететін препараттармен, глюкометрлермен, тест-жолақтармен, инсулин помпаларымен және қажетті шығыс материалдарымен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 21 жасқа толмаған науқастар мен жүкті әйелдерді инсулин помпаларымен қамтамасыз ету ауқымы кеңейтілген.
2026 жылы мемлекет қант диабетімен ауыратын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл елдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржының төрттен біріне тең.
Денсаулық сақтау министрлігі қант диабеті мемлекет бақылауындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ведомство аурудың асқынуын болдырмауда дер кезінде диагноз қою, дәрігер ұсынымдарын орындау, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін сақтау және зиянды әдеттерден бас тарту маңызды екенін еске салды.