27 Қазан 2026, 12:06 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қанша кәсіпкер жұмысын тоқтатты? Жұманғарин депутаттарға жауап берді

Жұманғарин жеке кәсіпкерлердің жабылуына қатысты депутаттар сауалына жауап берді

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 356,2 мың жеке кәсіпкердің (ЖК) қызметі тоқтатылды. Алайда олардың барлығы бірдей бизнестен кеткен жоқ. Кәсіпкерлердің бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауысса, енді бір бөлігі бұған дейін де табыс таппаған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 356,2 мың жеке кәсіпкер мен 19,7 мың заңды тұлға қызметін тоқтатқан. Осы кезеңде жалпы 375,9 мың салық төлеушінің тіркеуі тоқтатылды.

Жабылған кәсіпкерлердің бәрі бизнестен кеткен жоқ

Министрлік деректеріне сәйкес, қызметін тоқтатқан 356,2 мың жеке кәсіпкердің 73,9 мыңы немесе 20,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне көшкен. Ал 151,8 мың кәсіпкердің 2025 жылы табысы болмаған. Бұл жалпы санның 42,6%-ын құрайды.

Тағы 102,4 мың кәсіпкердің табысы 10 млн теңгеге дейін болса, 28 мың кәсіпкердің табысы 10 млн теңгеден асқан.

Осылайша, кемінде 225,7 мың жағдай немесе қызметі тоқтатылған жеке кәсіпкерлердің 63,4%-ы бұрын белсенді жұмыс істемеген кәсіпкерлерге және қызметін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебесінде жалғастырған азаматтарға тиесілі.

Сонымен бірге жаңа салық талаптарына байланысты жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшкеннен кейін немесе жаңа жағдайларда жұмысын жалғастыра алмағандықтан қызметін тоқтатқан кәсіпкерлер саны 30,1 мың болған.

Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жаңадан тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 242,3 мыңға жетті.

Кәсіпкерлер қай салаларда көбірек жабылды?

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі бөлшек сауда саласында болған. Бұл салада 128,4 мың ЖК тіркеуден шығарылған. Бұл барлық жабылған жеке кәсіпкердің 36%-ын құрайды.

Өзге қызметтер көрсету саласында 59,8 мың, көлік қызметтері саласында 34,5 мың, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 23 мыңға жуық кәсіпкер қызметін тоқтатқан.

Көтерме сауда саласында 11,5 мың, құрылыс жұмыстарында 11,2 мың, тамақ пен сусын ұсыну саласында 8,5 мың, білім беру саласында 6,4 мың жеке кәсіпкердің тіркеуі тоқтатылған.

Өңірлер бойынша ең көп көрсеткіш Алматы қаласында тіркелген – 62,5 мың. Астанада 41,9 мың, Түркістан облысында 33 мың, Алматы облысында 26,9 мың жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан.

Жаңа салық режимдеріне көшкен кәсіпкерлер саны артты

Ұлттық экономика министрінің жауабында жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлердің салық режимдері бойынша бөлінісі өзгергені де айтылған.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын жеке кәсіпкерлер саны 114,1 мыңнан 384,2 мыңға дейін өскен. Өсім – 270 мың. Осы режимдегі заңды тұлғалар саны 415,8 мыңнан 519,6 мыңға дейін артқан. Нәтижесінде аталған режимді қолданатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың жалпы саны 373,8 мыңға немесе 70,5%-ға көбейген, - делінген Жұманғарин жауабында.

Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер саны да 134,4 мыңнан 172 мыңға дейін өсіп, 37,6 мыңға немесе 28%-ға артқан.

Ал оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі шағын бизнес үшін сақталған. Бұл режимді қолдану үшін табыстың шекті мөлшері 600 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, жұмыскерлер санына қойылған шектеу алынып тасталған.

2026 жылғы 1 қазанда осы режимді 1,17 млн-нан астам субъект қолданған. Оның ішінде 1,092 млн жеке кәсіпкер және 75,8 мың заңды тұлға бар.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режимді осы кезеңде 981,2 мың адам пайдаланған. Олардың 866,9 мыңы немесе 88%-ы интернет-платформалар арқылы қызмет көрсетсе, 114,2 мыңы немесе 12%-ы өз бетінше жұмыс істеген. Бұл режимге 807,3 мың адам жаңадан қосылған.

Аталған режимді пайдаланушылардың 519,7 мыңы такси қызметінде, 292,5 мыңы курьерлік қызметте жұмыс істейді. Екі бағыттың үлесі барлық қатысушының 83%-ын құрайды.

Интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін 866,9 мың адам үшін жалпы сомасы 16,1 млрд теңге әлеуметтік төлем аударылған. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналарына 4,4 млрд теңге, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына 3,8 млрд теңге, әлеуметтік аударымдарға 3,9 млрд теңге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына 4,1 млрд теңге бағытталған, - деді Жұманғарин.

Кәсіпкерлер саны азайғанымен, табыс пен жұмыскерлер саны өскен

Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 910.00 салық есептілігі нысанын тапсырған салық төлеушілер саны 1,512 млн-нан 1,086 млн-ға дейін қысқарған. Төмендеу – 28,2%.

Сонымен бірге осы салық режиміндегі субъектілер мәлімдеген жиынтық табыс 7,89 трлн теңгеден 9,38 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл – 18,9%-дық өсім.

Жалдамалы жұмыскерлер саны 445,5 мыңнан 508,6 мың адамға дейін, яғни 14,2%-ға көбейген. Еңбекақы төлеу қоры да 417,8 млрд теңгеден шамамен 448 млрд теңгеге дейін ұлғайып, 7,3%-ға артқан.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша шоғырландырылған бюджетке түскен салық түсімдері 22,689 трлн теңгені құраған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,547 трлн теңгеге немесе 18,5%-ға көп.

Шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық түсімдері 1,128 трлн теңгеге немесе 17,5%-ға өскен. Оның ішінде шағын кәсіпкерліктен түсетін түсім 27,1%-ға, орта кәсіпкерліктен түсетін түсім 9,6%-ға артқан.

Салық реформасының нәтижесі жыл қорытындысы бойынша бағаланады

Серік Жұманғариннің жауабында кәсіпкерлердің тіркеуден шығу көрсеткіштерінің өсуін бизнестің жаппай жабылуымен теңестіруге болмайтыны айтылған. Себебі олардың едәуір бөлігі бұрын белсенді жұмыс істемеген кәсіпкерлерге және қызметін басқа мәртебеде жалғастырған азаматтарға тиесілі.

Сонымен қатар министрлік өңірлер мен салалар бойынша жағдай біркелкі емес екенін атап өтті. Мәлімделген табыстың өсуі 20 өңірдің 17-сінде тіркелген. Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында төмендеу байқалған. Әсіресе Маңғыстау облысында табыс, жұмыскерлер саны және еңбекақы қоры қатар азайған.

Жаңа Салық кодексі алғашқы жылы қолданылып жатқандықтан, қолда бар деректер салық жүйесінің негізгі қағидаттарын өзгертуге жеткілікті негіз бермейді. Дегенмен, бизнеске теріс әсері нақты деректермен расталған жекелеген нормалар мен оларды қолдану тетіктерін түзету мүмкіндігі қарастырылған.

Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңседе Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» өкілдері тұрақты түрде қатысады. Сонымен қатар бизнеске қатысты өтініштер, оның ішінде B2B шегерімдеріне қойылған шектеуді қолдану мәселесі де бақылауда.

2026 жылдың толық салық кезеңі аяқталғаннан кейін жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшкен кәсіпкерлердің қаржылық көрсеткіштері мен нақты салық жүктемесі жеке бағаланады. Егер жаңа Салық кодексінің жекелеген нормаларына немесе оларды қолдану тәжірибесіне байланысты тұрақты теріс әсерлер анықталса, тиісті шешімдер қабылданады.