Бүгiн 2026, 19:13 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда қанша ер адам бар және ең көп қойылатын есім қандай?

Отан қорғаушы күні қарсаңында елдегі ер азаматтарға қатысты тың статистика жарияланды. Ең танымал есім де белгілі болды.

Қазақстанда 10 044 673 ер адам тұрады. Дәл осы азаматтар ертең Отан қорғаушы күніне орай құттықтау қабылдайды.

Мереке қарсаңында елдегі ер азаматтардың демографиялық және әлеуметтік құрылымына қатысты өзекті статистика жарияланды.

Жасы

Жас ерекшелігіне қарай ер адамдардың:

  • 30,2%-ы – 15 жасқа дейінгі балалар,
  • 56,5%-ы – 16 мен 60 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтар,
  • 13,3%-ы – 61 жастан асқан тұрғындар.

Қазақстандағы ер адамдардың орташа жасы – 31,1 жас. Ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 72,19 жыл.

Ең көп жұмыс істейтін ер азаматтар 35-44 жас аралығында. Олардың саны шамамен 1,4 миллион адамға жетеді.

Өңірлер

Ер адамдар ең көп шоғырланған өңірлер мен мегаполистер қатарында Алматы қаласы мен Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл өңірлердің әрқайсында шамамен 1,1 миллион ер адам тұрады.

Одан кейін Алматы облысы – 806,5 мың және Астана қаласы – 785,4 мың адам көрсеткішімен орналасқан.

Жұмыспен қамту

2025 жылғы мәлімет бойынша, ер адамдар жұмыспен қамтылған халықтың 51,6%-ын құрайды. Бұл – шамамен 4,8 миллион адам.

Жалдамалы қызметкерлер арасында ерлердің үлесі – 50,6%, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында – 55,1%.

Еңбек ететін ер азаматтардың басым бөлігі:

* өнеркәсіп саласында – 16,5%,
* көтерме саудада – 14%,
* ауыл шаруашылығында – 12,4%,
* көлік және қоймалау саласында – 11,1%.

Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер арасында да ер азаматтар басым. Олардың үлесі – 54,7%.

Ең танымал есімдер

Биылғы жылдың алғашқы бес айында ең танымал ер бала есімі – Алан болды. Бұл есім 817 сәбиге қойылған.

Сондай-ақ Айсұлтан, Әлихан, Мұхаммед және Рамазан есімдері де кең таралған.