Қазақстанда қанша бала семіздікке шалдыққан?
Елордада сарапшылар Қазақстанмектептеріндегі салауатты тамақтану мәселесін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиынды Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлікжәне ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Қазақстан Республикасындағы Байланыс және серіктестік кеңсесі ұйымдастырды.
Семинар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп FAO-ның "Салауатты тамақтануды дамытуға және ауқымын кеңейту" жобасы аясында өткізілді. Мақсат – ауылшаруашылық-азық-түлік жүйелерін жақсарту бойынша шешімдерді әзірлеу және елде мектептерге салауатты тамақтану шараларын енгізу.
Соңғы онжылдықтарда қазақстандықтардың тамақтану әдеттерінде жағымсыз өзгерістер жиі кездесіп жатыр. Майлы ас, трансмай қышқылдары, қантты және тұзды тағамдарды кеңінен тұтыну алаңдатады. Мектеп жасындағы балалар арасында қантты сусындарды тұтыну және электронды құрылғыларға жұмсалатын уақыт артып келеді, бұл артық салмақ пен семіздіктің өсуіне ықпал етеді. Қант пен майлы тағамдарды тұтынушылар арасында мектеп оқушылары – ең осал топтардың бірі болып тұр. Жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін балалардың салауатты тағамға, дұрыс тамақтану туралы біліктілікке үйрету және салауатты әдеттерді дамыту үшін біртұтас мектептік тамақтану саясаты қажет.
Фото: БҰҰ FAO
FAO-ның салауатты тамақтану бойынша ұлттық маманы, нутрициолог Жанар Толысбаева балалардың дұрыс тамақтануы өзекті екенін атап өтті.
Қазақстандағы мектеп оқушыларының тамақтануы күн тәртібіндегі маңызды тақырып. Бүгінгі таңда теңдестірілген мәзірді ұсынатын тамақтану стандартын әзірлеу мәреге жетті. Сондықтан оқу орындары мен шаруа қожалықтары арасындағы өзара тиімді серіктестікті жүзеге асыруда семинарға қатысушылардың қосқан үлесі ұшан-теңіз, - деді ол.
Мектептегі салауатты тамақтануды қамтамасыз ету үшін агроазық-түлік жүйесінің тұжырымдамасын енгізу жолдарын әзірлеу маңызды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары, FAO жобасының Ұлттық үйлестірушісі Салтанат Назарова Қазақстанда семіздіктің алдын алу және онымен күресу үшін дұрыс тамақтануды насихаттау және дене шынықтыруды насихаттау сияқты негізгі шаралар өткізіліп жатқанын айтты.
Фото: БҰҰ FAO
Қазақстанда балалардағы семіздікке мониторингтің ұлттық жүйесі бар. Артық салмақтың таралуы COSI (Балалардың семіздігін қадағалау бастамасы) зерттеуі арқылы өлшеулер мен сауалнамалар арқылы бақыланады. Қазақстандағы COSI деректері бойынша 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала (20,6%) артық салмақтан зардап шегеді, оның 6,6% семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар бұл балалардың әкелерінің 44,7% және аналарының 30% артық салмақ немесе семіздік диагнозы қойылған. Елімізде азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты мониторинг жүргізіледі, - деді сарапшы.
2022 жылдан бастап Қазақстанда білім беру және оқу орындарында, мектепке дейінгі ұйымдарда, балалар үйлерінде, балаларды сауықтыру және санаторий-курорттық мекемелерде тәтті алкогольсіз сусындар мен алкогольсіз энергетикалық (тоник) сусындарды өндіруге және сатуға тыйым салынды.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап 1-4 сынып аралығындағы барлық мектеп оқушысы макронутриенттермен, сондай-ақ маңызды микроэлементтермен теңдестірілген тәулігіне бір рет мектепте тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатқа жету үшін мектептегі тамақтану стандарттары қайта қаралып, мектеп әкімшілігінің де, оқушылардың да, олардың ата-аналарының да сапалы және дұрыс тамақтануын бақылау механизмі енгізіліп жатыр, - деп түсіндірді Салтанат Назарова.
Фото: БҰҰ FAO
Сарапшы атап өткендей, сонымен қатар артық салмақ пен семіздіктің негізгі алғышарты саналатын қант қосылған тәтті сусындарды тұтынудың артып келе жатқаны байқалды. Мектеп жасындағы балалардың 60%-ында, ал балалардың 23%-ында аптасына 3 күннен аса тәтті сусындарды тұтынуы байқалады.
Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы 2025 жылы қант қосылған сусындарға акцизді енгізуді жоспарлап отыр. Саланың қарсылығына қарамастан, бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігі зерделеп жатыр.