Қазақстанда қандай скринингтер тегін және кімдер өте алады?
МӘМС мәртебесіне қарамастан, қазақстандықтар бірқатар ауруды ерте анықтауға арналған скринингтерден тегін өте алады.
Скрининг – ауруларды ерте анықтауға арналған профилактикалық тексеру. Қазақстанда негізгі скринингтік тексерулер мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қолдау аясында, МӘМС мәртебесіне қарамастан жүргізіледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жүрек-қантамырлар ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, колоректалдық обырды, В және С вирустық гепатиттерін, сондай-ақ белгіленген өлшемшарттарға сәйкес басқа да ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтер өткізіледі.
- Жүрек-қантамырлар ауруларына, қант диабетіне және глаукомаға арналған скринингтен 40–76 жастағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өте алады.
- Сүт безі обырын ерте анықтауға арналған маммография 40–76 жастағы әйелдерге екі жылда бір рет жүргізіледі.
- Жатыр мойны обырына арналған скрининг 30–74 жастағы әйелдерге арналған және төрт жылда бір рет өткізіледі.
- Колоректалдық обырға арналған скринингтен 50–76 жастағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.
- Скринингтен өту үшін тіркелген емханаға жүгініп, ағымдағы жылы қандай тексерулерден өтуге болатынын нақтылау қажет.
Медицина қызметкерлері тексеруден өту тәртібін түсіндіріп, қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге жолдама береді. Ведомство өкілдері қандай да бір аурудың белгілері пайда болғанын күтпей, тексеруден уақытылы өтуге шақырды.
Ауруды ерте анықтау емді дер кезінде бастауға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.