Қазақстанда қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер анықталды
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасы 8 278 адам деп белгіленді.
Бұйрықтың мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру.
2026 жылы өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінеді:
- қандастар үшін: Павлодар облысы – 977 адам, Ақмола облысы – 285 адам, Абай облысы – 264 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 200 адам, Солтүстік Қазақстан облысы – 200 адам, Қостанай облысы – 200 адам, Атырау облысы – 125 адам, Батыс Қазақстан облысы – 30 адам;
- қоныс аударушылар үшін: Солтүстік Қазақстан облысы – 2 820 адам, Павлодар облысы – 1 655 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 600 адам, Қостанай облысы – 485 адам, Абай облысы – 275 адам, Ұлытау облысы – 125 адам, Қарағанды облысы – 37 адам.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:
- көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;
- 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;
- 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.