Қазақстанда қала құрылысына бақылау күшейтілмек: Енді нысандар ретсіз салына бермейді
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылыс кодексінің жаңа жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің мәліметінше, қала құрылысын реттейтін құжаттардың нақты иерархиясы бар. Олар:
- Елдің аумақтық дамуының Бас схемасы;
- Өңірлік аумақтық жоспарлау схемалары;
- Қалалардың Бас жоспарлары;
- Және нақты жоспарлау жобалары (ПДП).
Бұған дейін тек қаланың Бас жоспары ғана міндетті сараптамадан өтетін. Ал нақты жоспарлар жергілікті деңгейде әкімнің шешімімен бекітіліп, тексерусіз қабылданатын. Бұл жағдай құрылыс нормаларының бұзылуына, рұқсатсыз және ретсіз нысандардың бой көтеруіне себеп болған, - деді министр.
Нағаспаевтың айтуынша, осы олқылықтарды жою мақсатында 2024 жылдан бастап барлық әзірленіп жатқан немесе түзетілетін қала құрылысы жобалары, соның ішінде нақты жоспарлау жобалары міндетті түрде сараптамадан өтеді.
Министрдің айтуынша, бұл жаңашылдық сапасыз және заңға қайшы жобаларды уақытында анықтауға, жобалау қателерін азайтуға, жемқорлықтың алдын алуға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа талаптарға сәйкес, құрылыс құжаттарына сай келмейтін нысандарды жобалауға және салуға рұқсат берілмейді, - деп айтты құрылыс министрі отырыста.
Сондай-ақ қабылданып жатқан шаралар бірыңғай цифрлық қала құрылысы жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатта Құрылыс кодексі аясында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (АИС ГГК) енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе құрылыс жобаларының орындалуына қосымша бақылау орнатуға мүмкіндік береді.