Бүгiн 2026, 16:28 Фото: gov.kz

Депутаттар Проблемалық кредиттер қорын реформалауды ұсынды

Депутаттар квазимемлекеттік оператордың жұмысын тиімсіз деп атап, оны реформалау немесе жабу мәселесін көтерді.

Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның қызметін түбегейлі қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2012 жылы уақытша дағдарысқа қарсы құрал ретінде құрылған қор әлі күнге дейін нақты жабылу мерзімінсіз жұмыс істеп келеді.

Халықаралық тәжірибеде мұндай құрылымдар уақытша сипатқа ие болады және мемлекет капиталының кезең-кезеңімен шығу жоспары нақты белгіленеді. Ал ФПК-ның мерзімсіз квазимемлекеттік оператор ретінде жұмыс істеуі нарықтық тетіктерді бұрмалап, стресс-активтердің жеке нарығының дамуына кедергі келтіреді, – делінген сауалда.

Депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне де назар аударды. Мәлімет бойынша, қор Ұлттық қорға 126 млрд теңге, дивиденд ретінде 32,7 млрд теңге аударғанымен, активтерді басқару тиімділігі төмен күйінде қалып отыр.

Сондай-ақ табыстың едәуір бөлігі ұзақ уақыт бойы бюджетке емес, қордың өз шоттарында жинақталғаны сынға алынды.

Бұл – жол беруге болмайтын жағдай, – деді депутат.

Сауалда Қаржы министрлігі мен қордың қызметінде нақты тиімділік көрсеткіштері (KPI) жоқ екені де айтылған. Бұдан бөлек, келісімшарттардың орындалуын бақылау формалды сипатта жүргізіліп, ішкі нормативтік база ескірген.

Депутаттардың пікірінше, қордың әкімшілік шығындары мен штат саны оның қазіргі қызмет көлеміне сай келмейді.

Мемлекет ресурстары тиімді жұмсалып, экономикаға нақты қайтарым беруі керек. Мемлекеттік активтерді басқару тетіктері барынша ашық болуы тиіс, – деп атап өтті Савельева.

Осыған байланысты депутаттар Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:

  • «Проблемалық кредиттер қорын» трансформациялау немесе тарату бойынша нақты мерзімдері бар жол картасын әзірлеу;
  • активтерді басқарудан түсетін барлық табысты бірден Ұлттық қорға және республикалық бюджетке аудару;
  • қор басшылығы мен Қаржы министрлігіне қайтарылған қаражат көлеміне байланысты KPI енгізу;
  • қордың штат саны мен әкімшілік шығындарына аудит жүргізу;
  • ішкі регламенттерді Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарына сәйкестендіру;
  • ФПК-ға берілген салықтық жеңілдіктердің сақталу қажеттілігін қайта қарау ұсынылды.

Депутаттардың айтуынша, мемлекет азаматтардан қаржылық тәртіп талап етсе, өзі де дәл сондай ашық әрі тиімді жұмыс істеуі қажет.

Еске салайық, бұған дейін депутат Темір Қырықбаев жазғы лагерьлерді сынға алды.