Қазақстанда Президент бағдарламасы аясында 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
2025 жылдың қорытындысы бойынша елде рекордтық көлемде тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы жеті жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл міндет Үкіметтің алдына қойылған негізгі басымдықтардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026 жылы 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілетінін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары деңгейде сақталып отыр.
«Болжамға сәйкес, 2026 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метрді құрайды. Осы ретте тұрғын үй құрылысын ынталандыру шаралары күшейсе, бұл көрсеткіш одан әрі артуы мүмкін», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның мәліметінше, тұрғын үй құрылысының ең жоғары көрсеткіштері республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі болады деп болжанып отыр.
Министр сондай-ақ соңғы жылдары тұрғын үй құрылысының қарқыны жоспарланған деңгейден асып түсіп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде рекордтық көлемде тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда да жоғары болды. Жалпы алғанда, жоспар еліміздің 18 өңірінде артығымен орындалды.