Қазақстанда пайдаланылмайтын көлік иелеріне салық рақымшылығын жасау ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметке пайдаланылмайтын көлік иелеріне салық рақымшылығын жасау ұсынылғанын айтты.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова Қаржы министрінен көлік салығына қатысты туындаған мәселені сұрады.

Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес 2020 жылы «Е-Salyq-Azamat» қосымшасы енгізілгеннен бастап 10 мыңнан астам жеке тұлға көлік салығын түзетуге өтініш берген. Өтініштер салық сомасын дұрыс көрсетпеу, салық салу объектілері жоқ адамдарға берешектері жөнінде талап қою және басқа да сұрақтарды қамтыған. Бұл ретте болған ақаулар туралы сұрағанда екі министрлік (Қаржы және Ішкі істер министрліктері) дербес негізде ешқандай қателіктердің жоқ екенін айтады. Мысалы ІІМ өз тарапынан барлық дерек нақты әрі дұрыс енгізілген деп көрсетеді. Ал қаржы министрлігі өз есептерінде қателіктер жоқ екенін мәлімдейді. Қазіргі таңда осы екі министрліктің бір-біріне сәлтеу нәтижесінде көлік салығы проблемасы орынды шешілмей отыр. Осы ретте жіберілген қателіктердің басты себебі неде? – деп сұрады депутат.

Өз кезегінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттың сұрағына жауап берді.

Екі министрлік осы бағытта ауқымды жұмыстарды істеді. Салық салушылардың қатысуынсыз млн-ға жуық ақпаратты толығымен өзектендірдік. Яғни бұл жерде қателер өте көп кеткен. «Е-Salyq-Azamat» қосымшасының көмегімен қосымшада қандай проблемалар барын біліп отырмыз. Бұл жерде халық тарапынан туындаған мәселе бар. Атап айтқанда, адамдар автокөлікті бір-біріне сенімхат арқылы сатып жібереді, бірақ өзінің атынан шығармайды. Одан бөлек, ұрланған көліктер бар және халықтың біршама көлігі миграциялық процестермен басқа мемлекеттерге көшіп, көлігін сенімхатпен сатып кетеді. Сөйтіп көлікті атына аудармайды. Осындай проблемалар барын мойындаймыз, - деп айтты ведомство басшысы.

Министр жоғарыда айтылған кемшіліктер бойынша ІІМ-мен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Мысалы, тағы мынадай мәселелер бар - қайтыс болып кеткен, шетелге көшіп кеткен азаматтар, 60-70 жылдары шығарылған автокөліктер бар. Олар қазір жүрмейді немесе жол апатына түскен жарамайтын көліктер, одан бөлек, бөлшек саудаға жіберілген көліктер де бар. Бұл мәселелер бойынша Үкіметке осындай көліктерге рақымшылық жасау бойынша ұсыныстар беріп отырмыз. Өйткені, олар бәрібір табылмайды, - деп жауап берді министр Мәжілісте.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы