Қазақстанда пәтер жалдау тағы қымбаттады: Баға қай өңірлерде өсті?
Елімізде жалға беру нарығының көлемі 333,9 млрд теңгеге жеткен
Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу құны өсіп келеді. Соңғы бір жылда жалдау бағасы ірі қалаларда ғана емес, еліміздің көптеген өңірінде айтарлықтай қымбаттаған. Сарапшылар мұны тұрғын үйге сұраныстың жоғары болуы және ұсыныстың жеткіліксіздігімен байланыстырады.
Жалға беру нарығының көлемі 333,9 млрд теңгеге жетті
Finprom.kz мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында тұрғын үйді жалға беру және күтіп ұстау қызметтерінің көлемі 333,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға көп.
Осы кезеңде тұрғындар жалға беру қызметтері үшін тікелей 53,6 млрд теңгеден астам қаражат төлеген. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда өскен.
Жалға беру нарығы соңғы жылдары айтарлықтай ұлғайған
Homsters.kz хабарынша, жалға беру секторы экономикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып қала береді.
2019 жылмен салыстырғанда нарық көлемі шамамен 2,5 есеге ұлғайған. Пандемия кезіндегі уақытша құлдыраудан кейін сала қайта қалпына келіп, бірнеше жылдан бері тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Әсіресе, туристерге қысқа мерзімге жалға берілетін тұрғын үй сегменті қарқынды дамыған. Өткен жылы оның көлемі шамамен 23%-ға өсіп, 232 млрд теңгеден асты.
Ал ұзақ мерзімді жалға беру нарығы тұрғын үйді жалға беру саласының негізгі бөлігін сақтап отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл сегмент өткен жылы салық жүйесіндегі өзгерістер мен кейбір пәтер иелерінің жаңа жұмыс тәртібіне көшуіне байланысты аздап қысқарғанымен, тұрғындардың жалға жұмсайтын шығындары өсуін жалғастырған.
Жалдау ақысы ең көп қай өңірлерде өсті?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде тұрғын үйді жалдау бағасы бір жыл ішінде орта есеппен 13,9%-ға өскен. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында жалдау ақысы тағы 2,1%-ға қымбаттады.
Бағаның ең жоғары өсімі мына өңірлерде тіркелді:
- Павлодар облысы – 38,9%;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 35,2%;
- Қызылорда облысы – 19,6%;
- Ақтөбе облысы – 17,1%;
- Маңғыстау облысы – 15,5%;
- Шығыс Қазақстан облысы – 15,3%.
Еліміздің ірі қалаларында да жалдау ақысы жоғары қарқынмен өскен. Атап айтқанда:
- Алматыда – 14%;
- Астанада – 13,7%;
- Шымкентте – 11,3%.
Ал ең төмен өсім Ақмола облысында тіркеліп, жалдау бағасы 5,1%-ға артқан. Батыс Қазақстан облысында өсім 5,5%, ал Ұлытау облысында 7,1% болған.
Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй нарығындағы бағаның тұрақтануы жаңа тұрғын үй көлемінің айтарлықтай артуына байланысты болады.
Олардың бағалауынша, сұраныс ұсыныстан жоғары болып тұрған жағдайда пәтер иелері жалдау бағасын қайта қарауды жалғастыра береді. Сондықтан жақын уақытта тұрғын үйді жалға алу құнының төмендеуі күтілмейді, керісінше, бағаның әрі қарай өсу ықтималдығы сақталып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда пәтерін жалға беретіндер мен “квартиранттар” нені білгені дұрыс?