Бүгiн 2026, 20:40 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Қазақстанда пара алу деректері ең жиі тіркелетін өңірлер белгілі болды

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық статистикасы. Астана, Алматы және Қостанай облысы пара алу және пара беру бойынша көш бастады.

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 427 сыбайлас жемқорлық ісі тіркелді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі Finprom-ға сілтеме жасап.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті бұл жерде үш бап - «Пара алу», «Пара беру» және «Парақорлыққа делдал болу» бойынша қылмыстық істер туралы сөз болып отырғанын түсіндірді.

Мұндай қылмыстардың ең көп саны Астана қаласында тіркелді. Елордада қаңтар-мамыр айлары аралығында пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу фактілері бойынша 56 қылмыстық іс қозғалды. 2025 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 21,7%-ға өскен, – деп нақтылады ведомстводан.

Антирейтингте екінші орынды Қостанай облысы иеленді. Онда мұндай істердің саны 3,5 есеге артып, 38-ге жетті. Сондай-ақ үздік үштікке 32 жағдай тіркелген Алматы қаласы енді (бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 14,3%-ға көп).

Комитет қызметкерлері ең төменгі көрсеткіштерді мына өңірлерде атап өтті:

  • Абай облысы – 1 іс;

  • Ақмола облысы – 2 іс;

  • Батыс Қазақстан облысы – 7 іс.

Сонымен қатар, елдегі сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті түрі саналатын пара алу фактілерінің саны 11,9%-ға өсті. Бұдан бөлек, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға байланысты қылмыстар саны 20%-ға, ал билікті теріс пайдалану жағдайлары 40%-ға артқан.

Бұған дейін Мемлекет басшысы пара беруге уәде бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын заңға қол қойған болатын.

Сондай-ақ, енгізілген түзетулер жеке тұлғалар үшін әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының ескіру мерзімін бір жылдан үш жылға дейін ұзартады.

Тағы оқи отырыңыздар:

Алматы вагон депосының директоры ұсталды

Түрмеден басқару: Шымкентте студенті жоқ колледждерге грант бөлініп, 1,3 миллиард теңге жымқырылған

Кезекте жоқ 15 адам заңсыз пәтер алған: Ақтөбеде экс-шенеунік сотталды