Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға тағы 13 бағыт қосылады
Тізімге цифрлық мамандықтар қосылып, азаматтарға қайта оқып, жұмысқа орналасуға және табысын арттыруға мүмкіндік беріледі.
Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған қызмет түрлерінің тізімін тағы 13 бағытпен толықтырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент Жолдауын іске асыру мәселелері қаралған Үкімет отырысында министр бизнесті қолдауға бағытталған шаралар туралы айтты. Атап айтқанда, ауыл кәсіпкерлерінің өткізу нарығын кеңейту үшін оларды маркетплейстерге қосу көзделіп отыр. Тіпті шалғай елді мекендерде де тапсырыстарды қабылдау және беру пункттерін ашып, жеткізу қызметін дамыту жоспарланған.
Сонымен қатар қазақстандықтарға электронды сауда, цифрлық платформалармен жұмыс істеу және жасанды интеллект құралдарын пайдалану үйретіледі. Пилоттық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға қосымша мүмкіндіктер береді, – деді Жаслан Мәдиев.
Халықты электронды саудаға үйрету жұмыстары жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен де ұштастырылады. Осы мақсатта жұмыспен қамту платформаларымен интеграцияланған upskilling платформасы іске қосылады.
Оның мақсаты – азаматтарды қайта оқыту және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Жобаны сәтті іске асыру үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған қызмет түрлерінің тізімін цифрлық бағыттағы 13 қызмет түрімен толықтыру қажет, – деп атап өтті министр.