24 Шілде 2026, 11:01

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 680 мыңға жетті

«Атамекенде» өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатын кеңейту және көлеңкелі экономикадағы азаматтарды заңды еңбекке тарту мәселесі талқыланып жатқанын айтты.

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың санын арттыру және оларды заңды қызметке тарту мәселесі әлі де өзекті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны шамамен 680 мың адамға жеткен.

Бұл – бұрын көлеңкелі секторда болған азаматтарды заңды айналымға шығарудың нәтижесі. Олардың бір бөлігі бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жеңілдетілген режиміне көшті. Өйткені жеке кәсіпкер мәртебесі белгілі бір шығындарды талап етеді. Сонымен қатар көптеген азамат көлеңкелі экономикадан шықты, – деді Тимур Жәркенов.

Оның сөзінше, қазіргі есеп ресми тіркелген азаматтарды ғана қамтиды. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Біздің пайымдауымызша, мұндай азаматтардың саны әлдеқайда көп. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізімін кеңейту мәселесін қарастыру қажет, – деді ол.

Тимур Жәркенов бұл мәселеге асығыстықпен қарауға болмайтынын атап өтті.

Әрине, бұл мәселеге өте байыппен және кезең-кезеңімен келу керек. Бірақ бүгінгі таңда көлеңкелі экономикада әлі де халықтың едәуір бөлігі қалып отыр, – деді ол.

Оның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына бүгінде такси қызметі, жеткізу сервистері және цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтар кіреді.

Бұл – қарқынды дамып келе жатқан сала. Сондықтан бұл бағыттағы ұсыныстар да жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулер аясында қаралып жатыр, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары.