Қазақстанда отбасы институтының дағдарысы байқалып отыр – психолог
Психолог Әмір Жантасов ажырасулардың көбеюі, толық емес отбасылар санының артуы және әкелердің жауапкершіліктен қашуы қоғамдағы терең мәселеге айналғанын айтады.
Қазақстанда тек әке жауапкершілігі мәселесі емес, жалпы отбасы институтының дағдарысы байқалып отыр. Мұндай пікірді психолог Әмір Жантасов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Маманның сөзінше, мұны тек әкелердің бала тәрбиесіне қатысуымен байланыстыру жеткіліксіз. Оның пікірінше, мәселе әлдеқайда тереңде жатыр.
Менің ойымша, бұл жерде әкелік дағдарысы туралы емес, жалпы отбасы институтының дағдарысы туралы айтуға болады. Қазақстанда дәл қазір сондай жағдай болып жатыр. Мұны статистикадан да көруге болады. Ажырасулар саны, толық емес отбасылар көбейіп келеді, – деді ол.
"Саналы әкелер өте аз"
Жантасов қоғамда саналы әкелік мәдениеті қалыптасып келе жатқанын мойындағанымен, мұндай әкелердің үлесі әлі де өте аз екенін айтты.
Оның сөзінше, бала тәрбиесіне белсенді араласатын, жауапкершілікті толық мойнына алатын әкелердің саны көп емес.
Саналы әкелік бар, бірақ ол өте аз. Баланың тәрбиесіне шын мәнінде араласатын әкелердің саны өте аз. Ресми статистика бойынша алимент төлемейтін немесе бала алдындағы міндетін орындамайтын 300 мың әке туралы айтылып жүр. Ал бейресми көрсеткіш қанша екенін елестетудің өзі қиын. Меніңше, мұндай адамдардың саны миллионға жетуі мүмкін, – дейді психолог.
Ол кейбір ер адамдар табысын жасырып, алимент төлеуден жалтаратынын да атап өтті.
"Отбасы туралы ешкім үйретпейді"
Психологтың пікірінше, отбасы институтының әлсіреуіне қоғамдағы түсініктің өзгеруі де әсер етіп отыр. Оның айтуынша, бұрын неке өмір бойына арналған құндылық ретінде қабылданса, қазір адамдардың бірнеше рет отбасын құруы қалыпты жағдайға айналған.
Бұрын бір рет үйленіп, өмір бойы бірге болу қалыпты нәрсе еді. Қазір бірнеше рет үйленіп жатқан адамдарды білемін. Бұл қоғамдағы өзгерістердің бір көрінісі. Мүмкін, заман соған қарай бет алып жатқан шығар. Бірақ қандай жағдайда да отбасы құндылықтарына көбірек көңіл бөлу қажет, – деді ол.
Жантасовтың айтуынша, жастардың отбасы құруға дайын болмауының бір себебі – бұл тақырыптың білім беру жүйесінде мүлде қамтылмауы.
Бізді еш жерде қарым-қатынас құруға, отбасы болуға үйреткен жоқ. Отбасы деген не, ерлі-зайыптылардың міндеті қандай, отбасындағы дауды қалай шешу керек – мұның бәрін әркім өз отбасынан көрген үлгі арқылы үйренеді, – деді маман.
"Мектепте отбасы сабағы болуы керек"
Психолог отбасы институтын нығайту үшін мемлекет деңгейінде жүйелі жұмыстар қажет деп есептейді. Оның пікірінше, мектептер мен жоғары оқу орындарында отбасы құндылықтары мен қарым-қатынас мәдениетін үйрететін арнайы пән енгізу керек.
Неге мектептерде отбасы туралы пән жоқ? Атауын басқаша қоюға болады, бірақ мазмұны отбасы құндылықтарына арналуы тиіс. Егер ұлдар мен қыздар алтыншы-жетінші сыныптан бастап отбасының мәнін, қарым-қатынас мәдениетін, ұлттық және отбасылық дәстүрлерді түсініп өссе, бұл болашақта үлкен нәтиже беруі мүмкін, – дейді ол.
Психологтың пікірінше, отбасы институтын нығайту тек жеке адамдардың жауапкершілігіне қалмауы керек.
Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеру қажет. Өйткені бүгін біз көріп отырған проблема – жекелеген әкелердің мәселесі емес, жалпы отбасы институтының дағдарысы, – деп түйіндеді Әмір Жантасов.