Қазақстанда отандық тауарлардың тізілімі жасалады

Мәжіліс тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын депутат Мұқаш Ескіндіров таныстырды.

Құжат Мемлекет басшысының импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті азайту, заманауи технологияларды трансферттеу және оқшаулау үлесі жоғары өндіріс циклін құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген.

Түзетулердің негізгі мақсаты – қазақстандық өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер көзі болатын ақпараттық жүйе құру. Бұл олардың дамуын және мемлекет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Қазақстаннан шыққан тауарлар тізілімі енгізіледі. Тізілім қажетті заңға қатысты актілер қабылданғаннан кейін жұмыс істей бастайды. “CT-KZ” нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарында жұмысын тоқтатады. Аталған тізілім осы сертификаттарды алмастырады. 

Тізілімді енгізу іріктеу критерийлерін қолдана отырып, нақты отандық өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл саладағы уәкілетті орган болып Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі белгіленді. Енді тізілімге енгізу үшін өндіруші өндірістік және технологиялық операцияларды орындаудың ең төменгі шегін көрсетуі қажет. Мұны құжаттармен де, фото және бейне материалдардың көмегімен де растай алады. Осылайша, жосықсыз қатысушылар енді тек қаптаманы ауыстырып немесе тиісті белгілер қойып импорттық тауарларды қазақстандық тауарлар ретінде өткізе алмайды, - деді депутат.

Тізілім қолданыстағы сертификаттау жүйесінің кемшіліктерін жояды. Бұл өтініш берушілер мен әкімшілер арасындағы тікелей байланысты барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады. Осылайша, өндірушілер өздерінің жеке кабинеті арқылы тізілімге енгізуге өтінім бере алады. Одан соң өтініш берушінің белгіленген критерийлерге сәйкестігін анықтау үшін цифрлық тексеру автоматты түрде жүргізіледі.

Тізілімге енгізілген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізіп, реттелетін сатып алуларға қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив
Өзгелердің жаңалығы