Қазақстанда ортопедиялық операцияларды робот жасай бастады
Қазақстанда ортопедия саласында MISSO атты жасанды интеллектке негізделген робот жүйесі қолданыла бастады. Ортопедиялық операцияларды жоспарлау және жүргізуге арналған роботтандырылған жүйе елімізде енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
MISSO роботтандырылған хирургиялық жүйесін тапсыру рәсімі академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында өтті. Шараға Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сайлас Тангал (Y. K. Sailas Thangal) қатысты.
Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО директоры Олжас Бекарысовтың айтуынша, MISSO жүйесін енгізу хирургиялық араласулардың дәлдігін арттырып, жоғары технологиялы ортопедиялық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Бұл жүйе жасанды интеллекттің көмегімен операцияға дейінгі жоспарлауды жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни, біз компьютерлік томография жасаймыз, деформацияны анықтаймыз, қол жеткізгіміз келетін нәтижені – аяқ-қолдың осін қалай түзетеміз, деформацияны қалай жоямыз, қандай шеміршектерді алып тастау керек екенін белгілейміз. Осының барлығын компьютер біздің әрекеттеріміздің алгоритмін есептеп береді. Осыдан кейін хирург операциялық бөлмеде кесу жасайды, ал одан әрі жұмысты белсенді робот жалғастырады. Ол қажетті барлық аралауларды өзі орындайды. Кей жағдайда бұл миллиметрлік дәлдікті талап ететін өте күрделі тұстарда жүзеге асады, – деп түсіндірді Олжас Бекарысов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 18 мың эндопротездеу операциясы жасалады. Ал жалпы қажеттілік 120 мыңнан асады.
Осы тұста қазақстандықтар үшін құны 79 млн теңгеге дейінгі оталар қолжетімді екенін айта кетейік.