Қазақстанда Орталық Азия мен Германияның егіншілік орталығы құрылады

Бұл туралы Берлин қаласында өтіп жатқан Азық-түлік пен ауыл шаруашылығы жөніндегі жаһандық форумның (Global Forum for Food and Agriculture, GFFA) 18-іс-шаралары аясында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандық делегация "Жасыл апта" халықаралық көрмесінің іс-шараларына қатысты.

Биыл Қазақстан көрмеде 20 отандық компанияның қатысуымен ұлттық стендпен таныстырылды. Экспозицияда агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілетті әрі экспортқа бағдарланған өнімдерінің кең ауқымы, сондай-ақ елдің өңдеу саласындағы, органикалық ауыл шаруашылығын дамытудағы және заманауи агротехнологияларды енгізудегі әлеуеті көрсетілді. Көрмеге қатысу іскерлік байланыстар орнату мен ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту үшін маңызды алаңға айналды.

Форумның негізгі іс-шараларының қатарында «Kazakhstan–Germany Agro & Water Nexus: ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару арқылы орнықты өсуді қолдау» тақырыбындағы дөңгелек үстел, сондай-ақ агроөнеркәсіптік және азық-түлік секторларына инвестициялар тарту, цифрландыру мәселелері және ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдануға арналған панельдік сессиялар өтті.

Қатысушылар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің елеулі әлеуеті бар екенін атап өтті. Басым бағыттар қатарында органикалық ауыл шаруашылығын дамыту, аграрлық ғылым, цифрлық егіншілік және жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу аталды. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, орнықты егіншілік және қосылған құн тізбектерін дамыту салаларына германдық инвестицияларды тартуға мүдделілігін растады.

Орталық Азия елдері мен Германия өкілдерінің кездесуінде Орнықты егіншілік жөніндегі өңірлік орталық құру мәселелері қаралды. Аталған бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте Германияға жасаған ресми сапары барысында берген тапсырмасы аясында ұсынылған.

Орнықты егіншілік жөніндегі өңірлік орталықтың тұжырымдамалық жобасы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен Қазақстан–Германия аграрлық-саяси диалогы бірлесіп әзірледі.

Орталық өңір елдері мен Германияның күш-жігерін біріктіре отырып, табиғи-климаттық жағдайлар мен климаттың өзгеруіне байланысты сын-қатерлерді ескере отырып, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталады.

Орталықтың негізгі міндеттері қатарында білім мен технологиялар трансферті, аграрлық ғылымды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру және орнықты егіншілік тәжірибелерін ілгерілету бар. Орталықтың практикалық қызметі Алматы облысында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының үйлестіруімен жүзеге асырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Өзгелердің жаңалығы