Қазақстанда ортаазиялық тасбақаны ұстауға және пайдалануға тыйым салынды
Қазақстан Республикасында ортаазиялық тасбақаны — Testudo (Agrionemys) horsfieldii және оның дериваттарын пайдалануға 2040 жылға дейін еліміздің бүкіл аумағында тыйым салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тыйым енгізу туралы шешім түр популяциясының жай-күйіне жүргізілген мониторинг нәтижелері мен ғылыми деректерді талдау негізінде қабылданды. Аталған деректер антропогендік жүктеменің артуы және табиғи мекендеу ортасының өзгеруі жағдайында оны қорғау шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Ортаазиялық тасбақа Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне «осал» санаты бойынша енгізілген, сондай-ақ жабайы флора мен фауна түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенцияның (CITES) II қосымшасына енгізілген. Бұл аталған түрді халықаралық деңгейде бақылау мен қорғаудың қажеттілігін көрсетеді.
Тыйымның енгізілуі мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырып, табиғи популяцияларға түсетін қысымды азайтуға, сондай-ақ Қазақстанның биоалуантүрлілігі мен табиғи мұрасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын ортаазиялық тасбақаны ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кету қажет, тыйым салынған жануарлармен заңсыз айналысқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Кінәлі тұлғаларға 3000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін. Қосымша шара ретінде сот мүлікті тәркілеу және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейін айыру туралы шешім қабылдай алады.